Қазақстанда әйел кәсіпкерлер үлесі 45%-ды құрайды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында гендерлік теңдік, жұмыспен қамту және әйелдер денсаулығы мәселелері қаралды. Аталған тақырып бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Қазақстан құқықтары мен мүмкіндіктері адамдардың барлығы үшін тең қоғам қалыптастыруда елеулі табыстарға қол жеткізді. Республикада гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің құқықтық және институционалдық негізі қалыптасты. Заңнамалық деңгейде әйелдерге қатысты кемсітуді жою және ерлер мен әйелдердің теңдігін ілгерілету көзделген. Республикада әйелдердің ел өміріндегі рөлін арттыру үшін жағдай жасауға, қазіргі қазақстандық әйелдің мансап қууына, мемлекеттік және қоғамдық басқаруға белсенді қатысуына үлкен көңіл бөлініп отыр.

2015 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді қабылдады. Сондағы 17 мақсаттың 12-сі – гендерлік-сезімтал. Орнықты даму мақсаттарының 262 ұлттық индикаторы бекітілді. 2022 жылы «Орнықты даму мақсаттары бойынша Прогресс индексі» рейтингі бойынша Қазақстан 2019 жылмен салыстырғанда 77-ден 65-орынға көтеріліп, 100-ден 71,1 балл жинап, 12 орынға позициясын жақсартты.

5-мақсат – «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту» жыныстық кемсітушіліктің барлық түрін жоюға және мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мақсат 9 міндет пен 16 индикаторды қамтиды. Мысалы, жергілікті билік органдарында әйелдердің үлесі – 30,6%; шаруа немесе фермер қожалықтарын басқаратын әйелдердің үлесі – 7,2%. Осы мақсатта қазіргі уақытта мемлекеттің барлық стратегиялық бағыты мен міндеті аясында ұлттық бейімделу мен есепке алу қалыптасуда.

2022 жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша Қазақстан гендерлік даму саласындағы табысты реформалардың арқасында 15 позицияға көтеріліп, рейтингте 146 елдің ішінде 65-орынды иеленді. Білім беру, денсаулық сақтау және өмір сүру, сондай-ақ экономикалық қатысу мен мүмкіндіктер салаларында оң динамикаға қол жеткізілді. Әйелдердің саяси қатысуы бойынша көрініс те жақсарды.

Қазақстан ресми түрде Париж қаласындағы «Ұрпақ теңдігі» форумы аясында жарияланған Гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі іс-қимыл коалициясының қатысушысы. Коалиция теңдікті қамтамасыз ету жолындағы ең ауыр кедергілерді жоюға бағытталған және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібінің «Ешкімді артта қалдырмау» қағидаттарына сәйкес келеді.

Сондай-ақ еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының 2022-2024 жылдарға арналған адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі және онда гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын кеңейтуге баса назар аударылады.

Ә. Қуантыровтың айтуынша, соңғы он жылдықта елде әйелдердің жаңа буыны қалыптасты – олар қаржылық және психологиялық тұрғыда тәуелсіз болып, сондай-ақ отбасын құруды, мансап қуып, рухани және шығармашылық дамуды жөн көреді. Сонымен қатар әйелдердің саяси ілгерілеуі, корпоративтік өсуі және дамуы қамтамасыз етілуде.

«Статистикаға сәйкес мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 2010 жылы 52,7%-ды құраса, 2022 жылы 55,5%-ға дейін өсті, оның ішінде 39,2%-ы – басшылық лауазымдағы әйелдер. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың ішінде министрлер, Агенттіктің, Жоғары аудиторлық палатаның және Конституциялық соттың төрағалары, облыстардың және қала әкімдерінің орынбасарлары да бар», — деді ұлттық экономика министрі. 

Шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 2011 жылы 38,4% болса, 2021 жылы 44,6%-ды құрады. Елімізде кәсіпорын басшыларының 30,8%-ы – әйелдер. Үкіметпен мемлекет қатысатын компаниялардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңмен 30%-ға дейін арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда.

Министрлік акционерлік қоғамдарды дамыту жоспарларына әйелдер үлесін кезең-кезеңмен арттыру бойынша гендерлік нысаналы индикаторларды енгізу жұмысын жүргізуде. Бұл индикаторлар атқарушы органдарға, директорлар кеңесіне, ұйымдардың құрылымдық бөлімшелеріне қатысты көзделген.

«Жыл сайын қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары арқылы әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыру және қолдау артып келеді. Қаржылық қолдау шаралары аясында «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралдары қарастырылған, онда 6 мың жоба және “Кредиттерге кепілдік беру” бойынша 4 мың жоба қолдау тапты», — деді Әлібек Қуантыров.

Шағын және орта бизнес, кәсіпкерлік бастамасы бар халықты қаржылай емес қолдау аясында бірқатар шара көзделген. Бизнес субъектілерінің кәсіптік және салалық құзыреттерін арттыруға бағытталған 11 мың сервистік қызмет және 19 мың ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету қызметі көрсетілді.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының» қызметі кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға бағытталған. Орталықтарда 8 мыңнан астам әйел кеңес алды, олардың 19%-ы – ауылдық жерлердің тұрғындары.

Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама $108 млн сомасында қаржыландырылды. 48 жергілікті консалтингтік жобаның және халықаралық сарапшылардың қатысуымен 6 жоба іске асырылды.

«Тұрақты экономикалық өсудің маңызды факторларының бірі ретінде әйелдердің іскерлігін арттыруға қосқан елеулі үлесін атап өткім келеді. Әйелдердің саясаттағы рөлі және олардың белсенді қатысуы қоғамдық өмірдің басқа салаларында да гендерлік теңдікті жақсартуға ықпал етеді», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Әйелдерді жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, елімізде еңбек жасындағы әйелдердің саны 4,5 млн-нан асты, олардың 75%-ы – экономиканың әртүрлі салаларында қызметте жүрген жалдамалы жұмыскерлер. Әйелдердің 35%-ы сауда және қызмет көрсету саласында, 32%-ы білім, денсаулық және ғылым саласында, 14%-ы өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларында, ал 9%-дан астамы ауыл шаруашылығында еңбек етуде.

«Дегенмен әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің жоғары екені, олардың қатарында еңбекке қабілетті жастағы әйелдердің көптігі және бұл көрсеткіштің алдағы уақытта 2000 жылдардан кейін туылған жас ұрпақ есебінен күрт өсуі мүмкіндігі әйелдерді жұмысқа тарту шараларына ерекше назар аудару керек екенін көрсетіп отыр», — деді Тамара Дүйсенова. 

Осыған байланысты өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамту қарастырылып, белсенді жүзеге асырылуда. Өткен жылы өңірлерде 536 мың әйел жұмысқа тартылды, бұл жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 55%-ы. Ал осы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 92 мыңнан асты.

Бұл ретте жастарға көп көңіл бөлінуде. Өткен жылы 30 мыңға жуық оқу орнын бітірген жас қыз мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орныдарына жіберіліп, еңбек жолын бастады.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды шарасы – оқыту, содан кейін жұмысқа орналасу немесе өз ісін ашуға мүмкіндік жасау. Өткен жылы 80 мыңға жуық әйел өз қалауы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша курстардан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша 13 мыңға жуық әйел грант алды. Олардың 58%-ы тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті технологиялық жабдықтар мен керек-жарақтарды сатып алды, ал 31%-ы мал сатып алып, мал шаруашылығымен айналысты.

«Олардың арасында Ақтөбе облысының тұрғыны Жолаушыбаева Ақманат бар. Оның бизнес-идеясы да ерекше. Ол қәзір үлкен сұранысқа ие болған арт-дизайн циклынан гипс пен резеңкеден жасалған бұйымдар шығаруда. Біздің бағдарламамыздың тағы бір қатысушысы – Қызылорда облысы Шиелі ауданында тұратын көп балалы ана Гүлзия Мұратбекқызы. Ол оқудан өтіп, грант алып, кондитерлік цех ашты. Бүгінде оның шағын кәсіпорындарында түрлі кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар өндіріліп, 4 адам жұмыс істеп жатыр. Осы аймаққа сапар барысында біз оның жұмысымен таныстық. Айта кету керек, оның жетістігінің басты себебі – ауданда сұранысқа ие жобаны таңдауында болып отыр», — деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, аға буын азаматарымыздың өмірлік тәжірибесін кеңінен қолдану үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылды. Өткен жылы жоба аясында 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, олардың жартысы – әйелдер.

Биыл әйелдерді жұмыспен қамту шаралары жалғасатын болады. Осы мақсаттар үшін басқа жобаларды есептемегенде, тек бюджеттен осы жылға 177 млрд теңге, оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына 135 млрд теңге және кредиттер мен гранттар беруге 42 млрд теңге көзделіп отыр.

Одан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мемлекеттің ана мен баланы қолдау жөніндегі әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысына қысқаша тоталып өтті.

Оның айтуынша, биыл әлеуметтік төлемдермен 2,1 млн отбасы қамтылып, оған 1,2 трлн теңге қаржы жұмсалатын болады. Соның ішінде жүктілік және босану бойынша міндетті сақтандыру қорынан немесе ГФСС-тен әлеуметтік төлемдерді 258 мыңнан астам әйел-аналарымыз алады деп күтіледі. Төлемнің орташа мөлшері әйелдердің табысына байланысты, осы жылдың 2 айының қорытындысы бойынша оның орташа шамасы 900 мың теңгені құрады.

Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап бала туылғанда төленетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылды. Биыл дүниеге келген бірінші, екінші және үшінші балалар үшін 131 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін 217 мыңнан астам теңге төленуде.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды. Мұндай төлемдерді биыл дүниеге келген және өткен жылы туылып, жасы 1-ге толмаған балаларды есептегенде 760 мың отбасы алады деп жоспарланып отыр. Бұл қызметтердің барлығы алушыларға проактивті форматта ұсынылуда. Бүгінде цифрлық картаны қоса алғанда, осы форматта ұсынылған мемлекеттік қызметтер саны 1 млн-нан асты», — деді Тамара Дүйсенова.

Әрі қарай министр көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларға назар аударды. Т. Дүйсенованың айтуынша, оның мөлшері сараланған. Төрт баласы бар отбасына төленетін жәрдемақының айлық мөлшері 55 мың 300 теңгені құраса, 8 баласы бар отбасылар ай сайын 110 мың 400 теңге, ал одан да көп баласы бар отбасылар үшін бұл сома әр бала үшін 13 800 теңгеге артып отырады. Биыл бұл жәрдемақы 544 мың отбасыға төленетін болады, ол үшін жалпы көлемі 410 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген.

Ал Алтын және Күміс алқаларымен марапатталған аналарымызға да мемлекет тарапынан арнаулы жәрдемақы қарастырылған. Ол өмір бойы тағайындалады және ай сайын төленеді. Бүгінде бұл жәрдемақыны 230 мың ана алуда және бұл үшін республикалық бюджеттен биылға 61 млрд теңге қарастырылған.

«Егер отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда, мемлекет отбасына қосымша атаулы әлеуметтік көмекті ұсынады. Бірақ бұл көмек мемлекет пен алушылардың арасындағы екі жақты жауапкершілік негізінде тағаыйындалады», — деді Тамара Дүйсенова.

Оның мәліметінше, өткен жылы мұндай көмекті 729 мың адам алса, осы жылдың 2 айында ол 350 мың адамға тағайындалды. Оның орташа мөлшері, осы жылы балалаға қарастырылған нақты төлемді есептегенде, 18 мың теңгені құрап отыр немесе өткен жылғы деңгейден 8,7 мыңға артық.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғай министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің азаматтарға толық көлемде және уақытылы берілуін қамтамасыз ететін болады», — деді Тамара Дүйсенова.

Әрі қарай денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан әйелдерінің денсаулығы бойынша баяндама жасады.

«Әйел денсаулығының жақсы болуы – ұлт саулығы, ұрпақ амандығы, мемлекетіміздің баянды, жарқын болашағы. Қазақстан Республикасында 10 млн-нан астам әйел, 4 млн-нан астам бала туу жасындағы әйел және 18 жасқа дейінгі 3 млн-нан астам қыз бала тұрады», — деді министр.

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде аурулардың профилактикасы мен оны ерте анықтауға бағытталған іс-шараларға негізгі басымдық беріледі. Халықтың арасында мінез-құлық қауіп факторларын және артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және В, С вирустық гепатиттері сияқты кең таралған ауруларды, әйелдердегі обыр ауруларын анықтау мен диагностикалау скринингтері жүргізіледі.

Инфекциялық емес аурулар бүкіл әлемде әйелдер өлім-жітімінің негізгі себебі болып отыр, ҚР бойынша аурушаңдық бір жылда 4,2%-ға өсті. 

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, елімізде әйелдер аурушаңдығы құрылымында 27% тыныс алу ағзаларының аурулары, 12% несеп-жыныс жүйесінің, 8% қанайналым жүйесінің, 6% сүйек-бұлшықет жүйесінің және ас қорыту ағзаларының аурулары құрайды. Әйелдер арасында анемия аурушаңдығының көрсеткіші 100 мың әйел санына шаққанда 927 болды. Диспансерлік есепте 3 млн-ға жуық әйел динамикалық бақылауда, бұл есепте тұрған ересек халықтың жалпы санының 62,5%-ын құрайды.

Жыл сайын стационарларда 2 млн-ға жуық әйел емделеді, 500 мың хирургиялық араласу жүргізілді. Жалпы әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 74,03 жасты құрайды, әйелдер ерлерге қарағанда 7,7 жасқа ұзағырақ өмір сүреді.

Сонымен қатар репродуктивті денсаулығының ерекшеліктеріне байланысты әйелдер ерлерге қарағанда жиі ауырады және медициналық қызметтерді көп пайдаланады.

Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам әйел босанады, жүкті әйелдердің 99%-ы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында болды, 12 аптаға дейін ерте қамту 90%-ды құрады. Туа біткен кемістіктерді анықтау үшін жүкті әйелдерді скринингпен қамту 10%-ға өсті.

Өткен жылы перинаталдық көмекті жүйелі үйлестіре отырып, клиникалық хаттамаларды жетілдіру, жүкті әйелдерді емдеуге жатқызуды нақты бағыттау, дер кезінде телемедициналық консультациялар және санавиациялық ұшуларды ұйымдастыру арқылы өте ауыр жағдайдағы 1 000-нан астам әйелдің өмірі сақтап қалынды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүйелі шаралар қабылдау, медициналық көмекті ұйымдастыруды жақсарту нәтижесінде ана өлім-жітімінің 100 мың тірі туғанға шаққанда 44,7-ден 17,0-ге дейін 2,6 есе төмендеуіне қол жеткізілді. Ана өлім-жітімінің себептерінің құрылымында әйелдердің 46%-ы ауыр соматикалық ауруларындан, пневмония мен ковидтен 19%-ы өмірін үзеді.

«Контрацепцияның қауіпсіз және тиімді әдістеріне қол жеткізу және бақылау қаламаған жүктіліктің алдын алуға және жүктілік кезеңі арасындағы денсаулыққа қажетті аралықтарды сақтауға мүмкіндік береді. Елде контрацепциямен қамту 40%-ды құрайды, бұл халықтың хабар болуын арттыру және қолжетімді контрацептивтермен қамтамасыз ету арқылы одан әрі жақсартуды талап етеді», — деді министр.

А. Ғинияттың айтуныша, бедеу неке – медициналық-әлеуметтік проблема, оны шешу елдегі демографиялық жағдайды арттырып, әртүрлі себептерге байланысты сәби сүю мүмкіндігінен айырылған әйелдердің өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда, нәтижесінде 14 000 әйелге экстракорпоралдық ұрықтандыру қызметтері ұсынылды. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде 6 000-нан астам әйел жүкті болып, 2 800 отбасында көптен күткен 3 200 бала дүниеге келді. Қазіргі уақытта 3 мыңға жуық жүкті әйел нәрестені дүниеге әкеледі деп күтілуде. Жыл сайын «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде 7 мың квота бөлу көзделген. 

«Қазіргі жағдайда жасөспірім қыздардың репродуктивтік денсаулығы жағдайы жыныстық өмірдің ерте басталуына, жыныстық жетілудің бұзылуына және жасөспірімдердің жүктілігі, босану және аборт жасау проблемаларына байланысты. Соңғы 5 жылда жасөспірімдердің арасында босану саны 14%-ға, ал аборт жасау деңгейі 2 есе төмендеді», — деді А. Ғиният.

Денсаулықты сақтау және жасөспірімдер мен жастарға тегін білікті медициналық-психоәлеуметтік көмек көрсету үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында 191 жастар денсаулық орталығы ұйымдастырылды, онда 1 мыңнан астам маман жұмыс істейді, олардың қызметтерімен 730 мыңнан астам кәмелетке толмаған мен 29 жасқа дейінгі жас қамтылған. 2022 жылы осы орталықтарды қаржыландыруға 2,1 млрд теңгені құрады, 2023 жылға 1,9 млрд қарастырылды.

«Қазақстанда гендерлік теңдік бөлігінде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізілуде медициналық көмек алу құқығына еліміздің барлық азаматтарына кепілдік беріледі, жынысы, жасы, әлеуметтік мәртебесі бойынша кемсітушілік жоқ», — деді денсаулық сақтау миниситрі. 

Әйелдердің денсаулығын жақсарту үшін: ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулер тәсілдері қайта қаралып, бүйрек, асқазан-ішек, тыныс алу ағзаларының ауруларын ертерек анықтауға арналған скринингтер кеңейтілді.

Бұрын тексерілмеген 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастарды скринингпен қамту жаңадан енгізілді. Жалпы практика дәрігеріне бармай-ақ, консультациялық-диагностикалық қызметтердің 9 бағыты анықталды, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» тәсілі енгізілді. Емханаларда әлеуметтік-бағдарланған модель енгізілді, онда профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшелері құрылды және 2 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер, 1,5 мың психолог, 6,5 мың патронаттық мейігерлер жұмыс істейді.

«Ыстамбұл хаттамасының шеңберінде дене жарақаттарын, қатыгездік пен зорлық-зомбылық фактілерін, оның ішінде әйелдер мен балаларды тексеру, зерттеп-қарау және есепке алу бойынша жаңа тәсілдер іске асырылуда. Сонымен қатар жыл басынан бері сотталған адамдарды, оның ішінде әйелдер мен балаларды медициналық қамтамасыз ету ДСМ-нің қарауына берілді. Оларға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша шаралар жүргізілуде», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Жүкті әйелдердің денсаулығын жақсарту үшін: халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 12 перинаталдық орталық салу жоспарлануда; жаңа норматив бойынша 500 астам адам тұратын елді мекендерде фельшерлік-акушерлік көмек ұйымдастырылуда. Сондай-ақ медициналық көмек көрсету стандарттары мен клиникалық хаттамалар жетілдірілуде.

Отбасын жоспарлау кабинеттерінің, Жастар денсаулық орталықтарының жұмысын жақсарту және әйелдерді контрацепциямен қамту бойынша іс-шараларды іске асыру жалғасуда.

«Денсаулық сақтау министрлігі “Әйелдер мен балалар денсаулығын нығайту” тұжырымдамасын әзірлеуде, соның аясында елеулі іс-шаралар қаралатын болады», — деді Ажар Ғиният.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу