Қазақстанда 1,3 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабында шегіртке зиянкестеріне қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді

Мемлекет басшысының АӨК-ті кешенді түрде дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау жұмыстарын жалғастыруда.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша бүгінгі таңда химиялық өңдеу 1,3 млн гектар алқапта жүргізілген, бұл – биылға межеленген жұмыстардың жалпы болжамды көлемінің 62%-ы.

Қорғау іс-шаралары фитосанитариялық мониторинг нәтижелері негізінде жүзеге асырылуда. Өңдеу жұмыстары зиянкестердің таралу ошақтары анықталған және зиянды салдары экономикалық шегіне жеткен кезде жүргізіледі, бұл қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

​Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы аумақтарын зерттеу бүкіл еліміз бойынша жүргізілуде. Мониторинг және қорғау іс-шараларына 3,5 мыңға жуық маман жұмылдырылды. ​Барлық өңірлер пестицидтердің жеткілікті қорымен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.

Мониторинг және өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін әуе кемелері, 103 пилотсыз ұшу аппараты және мамандандырылған жерүсті техникалары пайдаланылады. Қорғау іс-шараларына барлығы 556 бірлік техника жұмылдырылған, бұл зиянкестердің таралу ошақтары анықталған кезде жедел ден қоюға және қажетті қорғаныс шараларын уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта елдегі фитосанитарлық жағдай тұрақты әрі бақылауда. Шегіртке зиянкестерінің жаппай таралу қаупі барынша азайтылды, мониторинг және қорғау іс-шаралары штаттық режимде жалғасуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетіп отыр, 2025 жылдан бастап өңдеуге жататын алқаптардың азаюы байқалады – 2,7 млн га қамтылды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 13%-ға аз. Осы жылы болжамды алқап 2,2 млн га құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға аз.

Зиянкестер санының азаюына өсімдіктерді қорғау қызметін жетілдіру шаралары айтарлықтай үлес қосты.

Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы алқаптарына зақым келтіруге жол берілмеді. Қорғау іс-шараларының аяқталу мерзімі осы жылдың 20-ші шілдесі.

#АӨК #Президенттің тапсырмасы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу