Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау: Қазақстанда халықтың жалақысын көтеру және борыштық жүктемесін азайту бойынша шаралар қабылдануда

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Президенттің экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Ол Үкімет жүргізіп жатқан жұмыс азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы тұрақты дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы тұрақты дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу бойынша стратегиялық міндет қойды. Халықтың нақты табысын арттыру Үкімет үшін негізгі басымдық болып саналады. Ол үшін Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыруда. Сондай-ақ, биыл біз Халықтың табысын арттыру бойынша жеке бағдарлама қабылдадық. Жалақыны арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру, борыштық жүктемені азайту және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданатын болады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі қарсы міндеттемелерді орындау арқылы айлық жалақының ең төменгі мөлшерін, азаматтық қызметшілердің жалақысының, жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру мәселесі қаралатынын айтты.

Халықтың кредиттік жүктемесі мәселесіне және тұтынушылық кредиттердің өсуіне ерекше назар аударылды. Үкіметтің басты бағдары халықтың нақты табысының 2-3%-дан жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету болып саналады. Халық табысының жоғарылауына экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз етуге және инфляцияны төмендетуге бағытталған шаралар ықпал ететін болады. Сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлауына қарамастан, Қазақстан экономикасы сапалы өсуді көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,5%-ды құрады, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Осы жылы оң динамика сақталуда. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша экономика 3,7%-ға өсті. Мұнай өндіруді есепке алмағанда өсім 5%-дан асады, бұл экономика құрылымының біртіндеп өзгеруін және шикізатқа жатпайтын салалар рөлінің күшеюін көрсетеді. Негізгі драйверлердің бірі өңдеу өнеркәсібі болып қала беруде.

Машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру және қосылған құны жоғары басқа да салалар жедел қарқынмен дамуда. Құрылыста және көлік қызметтерінде жоғары өсу қарқыны сақталуда. Сондай-ақ саудада, ауыл шаруашылығында және ақпарат және байланыс саласында өсім байқалуда.

«Біздің бағалауымызға сәйкес, жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсуі кемінде 5%-ды құрайды. Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін экономиканы әртараптандыруға және экономикада жалпы қосылған құнды барынша арттыратын өндірістер құруға бағытталған экономикалық өсудің проактивті саясатын жүзеге асыру жалғасады. Инвестициялар маңызды фактор болып қала беруде. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға инвестициялар 7%-ға өсті. Біз инвестициялар құрылымының өзгеруін көріп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібіне, көлік инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға, ауыл шаруашылығына, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар ұлғаюда. Тартылатын инвестициялардың сапасын арттыру мақсатында Инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Инвестициялық белсенділіктің қосымша серпінін “Бәйтерек” холдингін капиталдандыру қамтамасыз етеді. Проактивті тәсіл аясындағы біздің міндетіміз – “Қазақстанның мүмкіндіктері туралы толық білмеуінен” бастап “тұрақты қызығушылықты қалыптастыруға”, «кейстерді егжей-тегжейлі зерделеуге», ең соңында “жобаларды жүзеге асырудың басталуына” дейінгі барлық кезеңдер бойынша шетелдік және ішкі компанияларды жүйелі және үдемелі түрде ілгерілету», — деп атап өтті Серік Жұманғарин. 

Бүгінгі таңда министрліктер 4 трлн теңгеден астам инвестициялық тапсырыстар пулын қалыптастырды. Бұл ретте екінші деңгейдегі банктердің инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылуда. Экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы шағын және орта бизнес болып саналады. Соңғы бес жылда шағын және орта бизнес секторы оң серпінді көрсетіп, экономиканың шамамен 40%-ын қалыптастыруда. Шағын және орта кәсіпкерлік саласына елдегі экономикалық белсенді халықтың жалпы санының жартысына жуығы тиесілі. Аталған кезеңде шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 30%-ға өсті.  2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша салық төлеушілердің жалпы саны 2 806 мыңға жетті, бұл жыл басымен салыстырғанда 367 мыңға артық. Өзін-өзі жұмыспен қамту режимін қолданатын адамдар саны 543,5 мыңға дейін өсті. Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында атап өткендей, жүргізілген салық-бюджет реформалары бүкіл экономикалық жүйені толығымен қайта іске қосты және Қазақстан экономикасының жаңа моделін қалыптастырудың негізін қалады. Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға, бюджеттік тәртіпті нығайтуға және нақты нәтижелерге қол жеткізгені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге басты назар аударылды.

Бір мезгілде өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Салық кодексін тиімді енгізуді қамтамасыз ету үшін жобалық кеңсе құрылды. Бүгінгі таңда 20 отырыс өткізіліп, онда практикалық сипаттағы мәселелер қаралды. Осы жылдың 5 айының қорытындысы салық түсімдерінің оң динамикасын көрсетеді, олардың өсуі 18%-ды, оның ішінде қосылған құн салығының өсуі – 45,1%-ды құрады. Экономиканың ұзақмерзімді тұрақты өсуін қамтамасыз етудің маңызды шарты инфляцияның төмендеуі болып саналады. Биыл Үкімет алдында инфляцияны 10%-дан төмен деңгейге дейін түсіру міндеті тұр. Инфляциялық процестердің біртіндеп тұрақтанып жатқанын айта кету керек. Осы жылғы маусымның қорытындысы бойынша инфляция 10,3%-ға дейін баяулады. Теңгерімді тарифтік саясат жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмаларын кезең-кезеңімен жүзеге асыру, құрылымдық реформаларды жүргізу және экономикалық өсудің жаңа моделін одан әрі дамыту елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтарымыздың әл-ауқатының ұзақмерзімді өсуі үшін берік негіз құруға мүмкіндік береді.

#Президенттің тапсырмасы #Серік Жұманғарин #Экономика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу