18 Наурыз 2026, 13:30
ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының нормаларын жүзеге асыру бойынша құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты жоспарланған шаралар туралы баяндады.
Ол Конституцияның преамбуласы мен бірінші Тарауында – «Әділетті Қазақстан», Заң мен тәртіп қағидаттары нақты бекітілгенін атап өтті. Бұл – Ішкі істер министрлігі үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және профилактиканы тиімді жүргізуге бірден-бір негіз болып саналады.
«Бұл нормаларды – кешенді іс-шаралар арқылы жүзеге асырамыз. Біріншіден – «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа Заң аясында профилактиканың жаңа субъектілерін және қоғамды жұмылдыру, ерте ден қою, адамдармен жекелеген жұмысты күшейту, кәмелетке толмағандар және тұрмыстық зорлық құрбандарының құқықтарын қорғауға басты назар аударылды. Жыл сайын, Президенттің атына енгізілетін Ұлттық Баяндама жобасын әзірлеп, Үкіметке жолдаймыз. Заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділік пен міндетті түрде жазалау қағидатын қамтамасыз етеміз. Екіншіден – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласында цифрландыру мен жасанды интеллектіні одан әрі дамытамыз», — деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Министрдің сөзінше қазіргі негізгі жобалар – Ұлттық бейнемониторинг жүйесі, аудандағы кезекші бөлімдерді техникалық жаңғырту, бейне-аналитиканы қолдану, жол қауіпсіздігі және көші-қонды бақылау салаларын жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Үшіншіден – Конституцияны тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық актілерді жетілдіру. Яғни Құқық қорғау қызметі, босқындар, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу, фельдъегерлік байланыс және Қару айналымын мемлекеттік бақылау туралы заңдарына түзетулер енгізілетін болады. Одан бөлек шетел азаматтығынан шықпағаны үшін – әкімшілік жауапкершілікті енгізу, Қазақстаннан тыс жерде туылған балалардың азаматтығын анықтау секілді нормалар пысықталуда. Төртіншіден – Конституциялық деңгейде бекітілген нормаларды жүзеге асыру.
Олардың қатарында – Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жеке өмірдің және жеке деректердің қорғалуы, сөз бостандығы қағидатын қамтамасыз ету, құқық бұзушылық нәтижесінде бұзылған мүліктік құқықтарды қалпына келтіру, ұстау кезінде «Миранда ережелерін» түсіндіру.
Көрсетілген шаралар азамат құқықтарының қорғалуын; қоғамда заңдылық пен құқықтық мәдениетті; құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Жалпы, Министрлік «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруды жалғастыруда. Алдын алу жұмыстары күшейтілді. 2,3 млн әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Интернет-алаяқтық саны төмендеді.
«Таза Қазақстан» науқаны аясында табиғатты қорғау заңнамасының сақталуы қамтамасыз етілуде.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес рақымшылық туралы Заң қабылданғаннан кейін – оны жүзеге асыруға қатысамыз. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады деп болжануда. Олардың қатарына қауіпті, оның ішінде террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық сипаттағы, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы және азаптау қылмыстарын жасаған адамдар, сондай-ақ рецидивистер және іздеуде жүргендер жатпайды. Бұдан бөлек, әкімшілік рақымшылық шеңберінде жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарау жоспарлануда», — деді министр.
Мұндай адамдардың санаттары, айыппұлдардың мөлшері мен есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті органдармен толық пысықталатын болады. Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.
#Заң жобалары #ҚР ІІМ #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу