Қазақстанда экономика салаларын роботтандыру бойынша Жобалық кеңсе құру жоспарлануда

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституцияда еліміздің даму болашағын айқындайтын аса маңызды стратегиялық бағдар ретінде бектілген инновацияларды дамыту мәселесі қаралды.

Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев институционалдық базаны қамтамасыз ету, ғылымға инвестиция тарту және отандық әзірлемелерді өндіріске енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» компанияларының басшылары, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Өз кезегінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев инновацияны дамыту мен технологиялық жаңғырту – өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң цифрлық трансформация, Индустрия 4.0 технологияларын енгізу, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және кәсіпорындарды жаңғырту үшін инвестиция тартуға басымдық береді. Бұл шараларды жүзеге асырып, нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібінде кәсіпорындардың инновацияға жұмсаған шығындары 2021 жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп, 1,9 триллион теңгеге жетті.

Геология саласында да тереңде орналасқан және дәстүрлі әдістермен анықталмайтын жасырын кен орындарын іздеу үшін инновациялық геохимиялық әдіс (Ionic Leach) енгізілуде. Бұл әдіс жер астындағы металдардың әлсіз іздерін анықтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы мамандар пайдалы қазбалардың бар-жоғын анықтай алады. Алынған деректер 2D және 3D модельдер түрінде шығарылып, перспективті аймақтарды дәл айқындауға мүмкіндік береді», — деді ол.

Тау-кен металлургия саласында шикізат өңдеу тиімділігін арттыру және төмен сапалы, техногендік ресурстарды қайта өңдеу үшін де инновациялық шешімдер енгізілуде. Мұндай жұмыстарды қаржыландыру негізінен жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті түрде төленетін 1%-дық қаражат есебінен жүзеге асырылады. 

Ал басым бағыттарды министрлік жанында құрылған Ғылыми-техникалық кеңес айқындайды. Соңғы 5 жылда тау-кен саласының ірі кәсіпорындары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 150 миллиард теңге шамасында инвестиция салып, 1,5 мыңнан астам жобаны жүзеге асырды. 

Бұл әзірлемелер нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған, соның ішінде геология және өндіру, байыту, металлургия, өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология, энергетика және цифрландыру салалары бар. Ғылыми зерттеулер қазақстандық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен инженерлік компанияларды тарту арқылы, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың өз ғылыми-зерттеу орталықтарында жүзеге асырылады, қажет болған жағдайда қосымша басқа ғылыми ұйымдар да қатысады.

«Сәтті жүзеге асырылған жобалар ретінде келесі нәтижелерді атап өтуге болады. Олар:

  1. Аяқ-Коджан, Ақтоғай, Алмалы кен орындары, Қоңырад қалдық үйінділері мен Бозшакөл фабрикаларында құрамында мысы төмен шикізатты өңдеуге арналған комбинирленген технологиялар қолданылады. Бұл жылына 50 мың тоннадан астам катодты мыс өндіріп, жылына $350 миллион көлеміндегі өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
  2. «Берқара» кешенінде ұнтақтап шығару технологиясы қолданылады. Бұл кәсіпорынды жобалық қуатқа шығарып, жылына 5 мың тонна катодты мыс өндіруге мүмкіндік берді.
  3. Сонымен қатар, Қаратау кен орынында құрамында  ванадий бар кварциттерді гидрометаллургиялық өңдеу жүзеге асырылып, ванадийді 85%-дан, молибденді 77%-дан жоғары деңгейде алуға мүмкіндік берді.
  4. Богуты кен орнының шеелиттік рудаларын өндіру және өңдеу технологиясы қолданылуда. Нәтижесінде вольфрам рудаларын өңдейтін зауыт іске қосылып, жылына қосымша 100 тоннаға дейін вольфрам триоксиді алынуда (ЖШС «Жетісу Вольфрамы»).
  5. Балқаш мыс балқыту зауытында жанама компоненттерді кешенді алу үшін қалпына келтіретін электрбалқыту технологиясы әзірленді. Бұл жылына 1000 тоннадан астам асыл металл шлактарын өңдеуге мүмкіндік береді.
  6. Жезқазғанредмет зауытында жылуға төзімді никель қоспаларының қалдық шикізатын қайта өңдеу технологиясы енгізіліп, рений өндірісі 10 есе артты. Сонымен қатар никель, кобальт және басқа легирлеуші элементтер алынуда», — деді министр.

Жалпы салада цифрлық трансформацияға, стартаптарды қолдауға және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған инновациялық экожүйе қалыптасуда.

500 кәсіпорынның технологиялық деңгейіне бағалау жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша өндірістік процестерді жаңғыртуға қатысты 23 ұсыныс әзірленді.

Цифрлық технологияларды енгізу бойынша 240 қызметкер оқытудан өтті.

Жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жол картасы аясында өндірісте жасанды интеллект қолданатын 11 пилоттық жоба жүзеге асырылды.

«Машина жасау саласында инновацияны дамытудың басты бағыттарының бірі – өндірісті роботтандыру. Қазірде елімізде 10 мың жұмысшыға шаққанда 7 роботтан келеді. Бұл әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен едәуір төмен көрсеткіш. Осыған байланысты өндірісте роботтандыруды дамыту және кадр тапшылығын азайту мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Оның ішіне автоматтандырылған өндірісті басқару жүйесі, деректерді талдау, жасанды интеллект, цифрлық платформалар, сондай-ақ өнеркәсіптік роботтар мен машиналық көру жүйелері кіреді. Өткен жылы өндрістерде FANUC және ABB роботтарын қоса есептегенде 300-ден астам робот орнатылды. Мысал ретінде KIA Qazaqstan зауытында 68 робот, Astana Motors-та 54 робот жұмыс істейді», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, «Digital Kazakhstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында экономика салаларын роботтандыру бойынша жобалық офис құру жоспарлануда. Министрлік жетекшілік ететін салалардағы инновациялық қызметті қолдау және дамыту бойынша жұмысты жалғастыратын болады.

#Инновациялар #Үкімет отырысы #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу