Үкімет үйінде Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимдегі Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымына даярлық және еліміздің елді мекендерін ауқымды су тасқыны мен ландшафты өрттерден қорғау мәселелері қаралды.

                                

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимдегі Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымына даярлық және еліміздің елді мекендерін ауқымды су тасқыны мен ландшафты өрттерден қорғау мәселелері қаралды.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев жалпы жылу беру маусымын бастауға қажетті энергия кәсіпорындарының жабдықтарын дайындау шаралары аяқталғанын мәлімдеді. Вице-министр қазан айының басында 8 энергия блогында, 41 қазандықта, сондай-ақ 18 турбинада тиісті жөндеу жұмыстары аяқталғанын және 1 блокта, 7 қазандық пен 19 турбинада түрлі деңгейдегі жұмыстар кестеге сәйкес атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. 

Сондай-ақ қоймаларда 5 млн. тонна көмір жинақталған және бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 37 пайызға артық. Алайда, жинақталған мазут көлемі былтырмен салыстырғанда 10 пайызға төмен, деді вице-министр. Яғни, оның биылғы қоры 95,6 мың тоннаны құрап отыр. Сөз соңында вице-министр кейбір электр стансаларында көмір қоры өткен жылға қарағанда төмен екенін жеткізді.

Жылу беру маусымына дайындық жайында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин хабарлады. Оның баяндауынша, 8 қазандағы жағдай бойынша 16 өңірдің 10-ында жылыту маусымы басталып кеткен. Сондай-ақ, ол бүгінде республика бойынша қазандықтардың 91 пайызы, жылу трассасы, сумен жабдықтау және су бұру желілері, электр желілерінің 99 пайызы жылыту маусымына дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар, әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық және тұрғын үй қоры нысандарының дайындығы да 99 пайыз болып отыр. Атап айтар болсақ, бүгінде 33 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Алматы қаласына қарасты 31 нысанның құрылысы кестеге сәйкес қараша айында аяқталуы тиіс. 

С.Нокин, сонымен қатар, 11 денсаулық сақтау нысанында дайындық жұмыстары аяқталмағанын және 411 тұрғын үй жылу беруге дайын еместігін атап өтті. Оның 178-і Алматы қаласына, 84-і Шығыс Қазақстан облысына, 149-ы басқа өңірлерге тиесілі. Агенттік төрағасы, сондай-ақ, бүгінде коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешек 8 млрд. теңгені құрайтынын жеткізді. Айталық, 2011 жылғы 19 сәуірден бастап, берешектің жалпы төмендеуі 10 пайызды құрайды.

С.Нокин осы ретте Үкіметтің дебиторлық берешекті 50 пайыз төмендету туралы әкімдіктерге берген тапсырмасын еске салып өтті. Алайда борышкерлер қатары азаймай отыр, деді ол.

Әкімдіктердің деректері бойынша, жақсы көрсеткішке Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары қол жеткізе алды. Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары тапсырманы ішінара орындады. Қалған әкімдіктер тапсырманы орындаған жоқ, деді С.Нокин.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына республика бойынша жылу беру маусымының сәтті аяқталуы үшін барлық шараларды қолдануды тапсырды. Халықты жылумен қамту өмірлік маңызы бар шаруа деп атап көрсеткен Үкімет басшысы бұл саладағы кейбір кешеуілдеген проблемалар жуық арада шешімін табуы тиістігін ескертті.

Премьер-министр облыс әкімдеріне дебиторлық берешекті барынша қысқартуды тапсырды. Мен бірқатар әкімдер қарызды екі есеге азайтады деп ойлаймын. Бұл мәселе бойынша тапсырманы барынша қолға алу керек. Егер жылдан-жылға көшіп келе жатқан «сақалды» қарыздар болса, оларды коммуналдық кәсіпорындармен біріге отырып қайта қараған жөн. Жаңа жылға жаңа статистика жасау керек, деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.

Бұл мәселеге орай өзінің орынбасары Қырымбек Көшербаев пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокинге бірге отырып тиісті шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды.

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе еліміздің елді мекендерін ауқымды су тасқыны мен ландшафтты өрттерден қорғау туралы негізгі баяндаманы Төтенше жағдайлар министрі В.Божко жасады.

Оның мәліметінше, Қазақстанда тасқындардың қауіпті әсері бар аймағында 1,4 млн.-нан астам адам тұрады және бұл аумақта 32 мыңнан астам тұрғын үй қоры, әлеуметтік-мәдени және өндірістік мақсаттағы нысандар орналасқан екен.
Осыны ескере отырып, Министрлік мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тасқындардан қорғану бойынша практикалық шаралар қабылдауда, деді В.Божко. 

Министрдің мәлімдеуінше, 2011 жылы 140 шақырым қорғау бөгендері салынып, жөнделді, 700 шақырымнан астам тасқын қауіпті өзендердің түбі тереңдетілді, арналары түзеліп, кеңейтілді.

Сондай-ақ тасқындарға тосқауыл қою жөніндегі жұмыстарға жүргізілген талдау көрсеткендей тасқынға қарсы 547 шақырымдық құрылыс және 185 шақырымдық күшейту қажеттілігі мен тасқын қауіпті 174 өзеннің арнасына 747 шақырымға жуық түбін тереңдету және кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет.

Біздің Министрліктің әрі қарайғы қызметі төтенше жағдайлардың алдын алудың және оларды жоюдың мемлекеттік жүйесін нығайтуға, дүлей зілзалаларға, авариялар мен апаттарға қарсы тұру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, деді В.Божко.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу