Жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодексте экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударылды

Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодексте экологиялық қауіпсіздік саласында үздік әлемдік  тәжірибе ескерілді, деп хабарлады ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша брифингте инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев.

Оның айтуынша, жаңа кен орындарын ашып, өндіруге белсене кірісіп кететін жер қойнауын пайдаланушылар өз жобаларының экологиялық құраушысы туралы ұмытып кетеді, және карьерлер қараусыз қалып жатады. Уақыт өткеннен кейін оларды қалпына келтіруге тура келеді, мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат жұмсалады, деді вице-министр. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекс жобасында бұл аспектіге айрықша назар аударылған.

«Әлемдік тәжірибе бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою, өндіруден кейін бұл карьерлер адамдарға қауіпсіз жағдайға келтірілуі үшін қажетті ақшалай қаражатты сақтандыру, қалыптастыру бағдарламалары қарастырылған. Көптеген елдерде қараусыз қалған карьерлерді шағын көлдер жасап және айналасындағы аумақты жақсарта отырып, туризм орнына айналдырады. Аталған тәжірибе мүмкіндік болған жағдайда Қазақстанда пайдаланылады. Жалпы, адамдардың қауіпсіздігі бойынша барлығы жасалады», – деп атап өтті Т. Тоқтабаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу