Лондонда Kazakh Invest қатысуымен Қазақстан-Британ іскерлік кеңесінің ІІ отырысы өтті

Лондонда (Ұлыбритания) Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі IV отырысы және Қазақстан-Британ іскерлік кеңесінің ІІ отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек басқарды. Форумға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, «Kazakh Invest» ҰК өкілдері, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер қатысты.

Форум алаңына британдық тараптан саяси және қоғам қайраткерлері, дипломаттар, сарапшылар, энергетика салаларының барлық спектрі үшін клапандар мен оған қатысты қызметтердің көптеген түрін ұсынатын Severn Glocon Group, мұнай-газ және энергетика салаларында жұмыс істейтін Borkit SG JV, жоғары техникалық сипаттамалар саласында металл қоспаларын өндіруді енгізумен айналысатын Metalysis, Intellisense.io, UK Export Finance секілді ірі компаниялардың басшылары жиналды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек алғы сөзінде екі елдің іскер топтарының жақындасуына ықпал ететін, Қазақстан-Британ іскерлік кеңесін ұйымдастырып, өткізгені үшін Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Үкіметі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына алғысын білдірді.

Жеңіс Махмұдұлы 2016 жылы экономиканы әртараптандыру бойынша көлемді жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Өткен жылы кен өндіру көлемі 2,9%-ға өсіп, 28,3 млн тоннаны құрады, болат өндірісі 9,2%-ға артып, 4,3 млн тоннаға жетті, химиялық өнеркәсіп өндірісі 22%-ға артып, $3,1 млн-нан астам соманы құрады.

2017 жылы да қазақстандық-британдық ынтымақтастықтың оң серпіні байқалады: 9 ай ішінде Қазақстаннан Ұлыбританияға экспорт көлемі 8,2%-ға өсіп, $720 млн жеткен.

Ұлыбритания Қазақстанның алты ірі инвесторының бірі екенін атап өткен жөн. Соңғы 12 жылда Қазақстанға салынған тікелей инвестициялардың ағымы $12 млрд асты, елімізде британдық капиталдың қатысуымен 500-ден астам бірлескен кәсіпорын бар.

Бүгінгі таңда Қазақстан Құрама Корольдіктің қала технологиялары бойынша, атап айтқанда OpenBIM стандарттарын құру бойынша тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Британдық мамандармен жұмыс 6D мен 7D деңгейлерін қоса алғанда, құрылыс саласын BIM стандарттарына көшіру бойынша жүргізіледі. Негізгі нәтиже жобаларды іске асыру мерзімдерін, құрылыс құнын, пайдалануға шығындарды, сметаларды әзірлеу уақытын, қалдықтар мен ақауды қысқарту және құрылыс циклін цифрландыру болмақ.   

«Индустрия 4.0» элементтерін енгізу тұрғысынан жұмыс бойынша «Цифрлық өнеркәсіп инкубаторлары» тұжырымдамасы әзірленуде. Зертханаларды 2018 жылы құру жоспарланған.

Сондай-ақ Мұнай мен газ және жер қойнауын пайдалану бойынша екі Жұмыс тобының отырысы өтті, оның барысында өзекті мәселелер мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.

Бұдан өзге, Форум барысында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев келесі компаниялармен бірқатар B2B кездесулер өткізді: кәсіпорындардың өнімділігін, тиімділігін, нақты бір салада процестерді едәуір арттыруға мүмкіндік беретін технологиялар әзірлейтін IntelliSense.Io; жоғары сипаттамалар саласында металл қоспалары өндірісін енгізетін Metalysis, Shell; жекеменшік стратегиялық инвестициялық топ United Green; энергетикалық және өнеркәсіп нарықтарына жобалық, инженерлік және техникалық қызметтер ұсынатын Wood Group; тәуелсіз энергетикалық корпорация J Rothschild Capital Management, Independent Power Corporation.

Анықтама: «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстанға инвестиция тарту жөніндегі ұлттық агенттік. Ол «бір терезе» қағидасы бойынша идеялардан бастап жүзеге асырылғанға дейін инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетулердің толық спектрін қамтамасыз етеді. Арнайы экономикалық аймақтар бойынша бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде әрекет етеді және инвестициялық жобалардың перспективалары мен іске асыру шарттарын талқылау кезінде ҚР Үкіметінің мүддесін қорғайтын бірыңғай келіссөз жүргізушінің рөлін атқарады. Шетелде өз өкілдерінің желісі бар. Шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету жүйесінің ұлттық операторы болып табылады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу