Биыл мамыр айында 1,5 мыңға жуық пәтер баспанаға мұқтаж отбасыларға беріле бастайды — Р. Скляр

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр ҚР Үкіметінің алаңындағы баспасөз конференциясы барысында көп балалы отбасылар қашан, қалай және қандай шарттармен баспана ала алатыны туралы айтып берді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылы бюджетті нақтылау аясында көп балалы отбасыларға арендалық тұрғын үйді салуға және алуға өңірлерге 50 млрд тг бөлу қарастырылған. Жалпы, аталған шараға 7 жыл ішінде 350 млрд тг қарастырылған. Бұл көп балалы отбасыларды жыл сайын 6 мың пәтермен қамтамасыз етуге жол ашады. 7 жылда — 40 мыңнан астам пәтер.

«1 мамырдан бастап еліміздің өңірлерінде тұрғын үйге мұқтаж көп балалы отбасыларға баспана беріле бастайды. Биыл көп балалы отбасыларға 6 мың пәтер салынып, беріле бастайды және алдағы 7 жылда 40 мыңға жуық пәтер беріледі», — деді Р. Скляр.  

Министрдің айтуынша, бағдарлама — жаңа, және ертең ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралады. Сәуірде бюджет бекітіліп, мамырда 1–1,5 мың пәтер баспанаға мұқтаж отбасыларға беріле бастайды деген жоспар бар.

«Бізде 25 млрд теңге дайын пәтерлерді сатып алу үшін және 25 млрд теңге құрылыс пен жаңа үйді алуға қарастырылған. Астанада аталған бағытта 5,1 млрд теңге бөлінген», — деді министр.

Сонымен қатар, Р. Скляр баспанаға мұқтаж азаматтар санаттарын қолдаудың жаңа тетігі ензіліп жатқанын атап өтті.

«Сертификаттар – ең көп дегенде 1 млн теңгені құрайтын жаңа тетік, ол жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне қарай беріледі. Мұқтаж санаттар – бюджет саласының жұмысшылары, мемлекеттік қызметкерлер және қолдауға мұқтаж жандар», — деді ол.

Министрліктің деректері бойынша, жалпы республика бойынша баспана алуға халықтың әлеуметтік осал тобының қатарынан кезекте 280 мыңға жуық адам тұр, олардың 61 мыңы — жетім балалар, 104,2 мыңы — толық емес және 28,1 мыңы — көп балалы отбасылар.

Бұдан өзге, Елбасының Жастар жылының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру аясында жұмыс істейтін жастарға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында кем дегенде 1 мың арендалық пәтер салуға 2019 жылы 7,2 млрд тг қарастырылған.

«Пәтерлердің ауданы 40 м2 болады. Бастапқы кез үшін өте жақсы аудан деп ойлаймын. Астанада 350 пәтер, Алматыда – 350 және Шымкентте –300 пәтер салынады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Өз кезегінде, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Б. Қашақов жалпы, биыл барлық қаржы көздерінің есебінен (мемлекеттік бюджет, жеке инвестициялар және т.б.) 13,1 млн м2 жаңа үй немесе 118 мың тұрғын үй салу көзделгенін айтты.

Биыл мамыр айында 1,5 мыңға жуық пәтер баспанаға мұқтаж отбасыларға беріле бастайды — Р. Скляр

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу