Шағын авиация саласына жаңа тасымалдаушы қосылады — Ж. Қасымбек

ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгінде министрліктің алдында облыстар арасында тұрақты әуе тасымалдарын және ішкі туризмді дамыту, сондай-ақ санитарлық және пошта тасымалын қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттер тұрғанын айтты.

Министр атап өткендей, соңғы 25 жылда ірі авиацияға аса көңіл бөлінді. Сонымен қатар министрлік шағын авиацияны дамыту бойынша да шаралар қабылдап жатыр.

«Соңғы екі жылда біз шағын авиацияға арналған бірқатар арнайы бағдарламаларды қабылдадық және олардың орындалуын мұқият жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», — деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, 16 жергілікті ұшу-қону алаңын салу көзделген. 2017 жылы осы бағытта жұмыстар басталды: Үржар, Үшарал сияқты шағын қалаларда әуежайлар ашылды.

Бұл бағытты қолдау үшін арнайы субсидиялар бөлінеді.

Жеңіс Қасымбек бүгінде Алматы әкімдігімен бірлесіп, «Жетісу» әуе компаниясының базасында шағын авиация саласында жаңа тасымалдаушы құру бойынша пилоттық режимде жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Болашақта бұл әуе компаниясы үшін 20 аймақтық санаттағы ұшақ сатып алынатын болады.

Жаңа халықаралық бағыттар туралы журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Жеңіс Қасымбек 2017 жылдың басынан бері шетелдік және жергілікті әуе компаниялары Астанадан Делиге, Варшаваға, Хельсинкиге, Будапештке, Пекинге, Ереванға, Киевке, Батумиге, Минералды суларға, Сианьға 10 жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашқанын атап өтті.

2018 жылы қазақстандық әуе компаниялары Астанадан Түменге, Краснодарға, Вильнюсқа, Томскіге, Челябіге, Сочиге, Батумиге, Душанбеге рейстер ашуды жоспарлап отыр. Шетелдік әуе компаниялары (Air Baltic, Emirates, Fly Dubai, Ангара, Аэрофлот) Рига – Алматы, Дубай – Алматы, Дубай – Ақтау, Краснояр – Алматы, Мәскеу – Қызылорда рейстерін ашуды көздейді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу