19 Маусым 2018, 05:26
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын өзектендіру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында агроөнеркәсіп кешеннің алдына еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын бес жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндетін қойды.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев етті және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, суармалы жерлерді, қант саласын дамыту бойынша 10 және одан көп жылға арналған ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленгенін баяндады.
«АӨК мемлекеттік бағдарламасы саланың негізгі тұжырымдамалық және АӨК цифрландыру, техреттеу, салық салу, ауылдық аумақтар секілді онымен сабақтас бағыттарды шешуді көздейтін болады және мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі ретінде салалық және сабақтас бағдарламалар тізілетін ашық платформа болады», — деп мәлімдеді А. Евниев.
Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының негізін ІҚМ өсіру бойынша фермерлік шаруашылықтардан, өнеркәсіптік бордақылау алаңдарынан және заманауи ет өңдеу кешендерінен тұратын зәкірлік кооперациялар формасындағы отбасылық фермалар түріндегі шағын шаруашылықтар құрайды.
Мал шаруашылығымен, қой және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құру, жайылымдарды 58 млн га-дан 100 млн га-ға дейін кеңейту, ірі қара малдың санын 15 млн-ға дейін, қойлардың санын 30 млн-ға дейін жеткізу көзделген.
Ет мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысушыларға жеке қолдау шаралары ұсынылады: жер телімдерін басымдықпен бөлу, фермерлік шаруашылықтарға мал басын сатып алу үшін, техника мен жабдықтарды сатып алуға жеңілдікті несие беру, жайылым инфрақұрылымын құру.
Сүт мал шаруашылығы бағдарламасы сүт өндіру, өнеркәсіптік сүт–тауар фермалары мен заманауи сүт зауыттары бойынша отбасылық фермалардан тұратын зәкірлік кооперация қағидатына сәйкес құрылады. Отбасылық фермалардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі сүт-тауар фермаларын 108-ден 170-ке дейін, сүт зауыттарының санын 163-тен 174-ге дейін ұлғайту жоспарланған. Нәтижесінде сүт өндіру көлемін 1 млн т-ға ұлғайту көзделген.
Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында құс етін өндіру көлемі 4 есеге немесе 560 мың тоннаға дейін (180-нен 740 мың тоннаға дейін) ұлғайтылады, оның 150 мың тоннасын экспорттау жоспарланған; жұмыртқа өндіру көлемі 1,5 есеге немесе 2,5 млрд жұмыртқаға (5 млрд данадан 7,5 млрд данаға дейін) ұлғаяды, оның 1,5 млрд-ды экспортталады.
А. Евниев сондай-ақ биыл тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілетінін айтты, оның аясында белгіленген нормалар бойынша фермерлердің тұқым сатып алуға жұмсаған шығындарын 100% өтеу қарастырылған. Сонымен бірге, мемлекет тұқым шаруашылықтарына элиталық тұқымдардың немесе фермерге берілген І репродукциялы тұқымдардың толық құнын өтейді. Бұдан өзге, вице-министрдің айтуынша, фермерлерге субсидия алу үшін көптеген құжаттарды жинаудың қажеті жоқ.
Техникалық жарақтандыруды арттыру міндеті лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы және инвестициялық субсидиялардың көлемі бойынша шешілетін болады. Аталған шаралардың арқасында бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы техникасының паркі оңтайлы деңгейге жеткізіледі, бұл алдағы жылдары жылына 6% деңгейінде жаңарудың нормативтік қарқынына жетуге жол ашады. Осы жылдан бастап инвестициялық субсидиялау аясында қайтару мөлшерлемесі 25% құрайды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында суармалы жерлердің жалпы көлемін 2 млн га дейін жеткізу көзделген.
Сонымен қатар аграрлық ғылымды реформалау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аграрлық жоғары оқу орындарына зерттеу мәртебесін беру жоспарланып отыр. Аграрлық ғылымды қаржыландыруды 2030 ж. ауыл шаруашылығы жалпы өнімдері көлемінен 1% дейін жеткізу жоспарланған, оның ішінде 2021 ж. 0,5% дейін жеткізу көзделген.
«Мемлекеттік бағдарлама жобасында ауыл аумақтарын дамыту бойынша шаралар кешені қарастырылған, ол АӨК шектес бағдарламаларды әзірлеу арқылы іске асырылатын болады. Жобалық тәсіл бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мен келісу кезінде бюрократиялық кедергілер мәселелерін шешуге мүмкіндік», — деп түйіндеді А. Евниев.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз кезегінде АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу 4 теңге жеке инвестицияға шаққанда 1 теңге бюджет қаражатын тартуға мүмкіндік беретінін айтты. Тұқымын одан әрі жетілдіру үшін асыл тұқымды аналық мал басын әкелу бойынша шараларды қабылдау мал шаруашылығындағы жалпы өнімді 200 млрд тг немесе 10% арттыруға мүмкіндік береді.
«Жалпы, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру 2021 ж. қарай жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметінің) нақты көлем индексін 2015 ж. салыстырғанда екі есеге арттыруға мүмкіндік береді, 2015 ж. деңгеймен салыстырғанда 2021 ж. ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға инвестициялардың нақты көлем индексі бес есеге артады. Инвестициялық субсидиялар есебінен тартылған инвестициялар көлемі 2021 ж. 751,2 млрд тг құрайды, 2021 ж. АӨК өңделген өнім экспортының көлемі $2,2 млрд болады, бұл 2015 ж. деңгейден 2,3 есеге артық ($945 млн)», — деп қорытындылады Т. Сүлейменов.
Отырыста сонымен қатар «ҚазАгро» ҰБХ басқарма төрағасы Н. Мәлеловтың, «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметовтың баяндамасы тыңдалды.
Суарылатын жерлер туралы өзінің пікірімен Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капанелли бөлісті.
Сонымен қатар мәселені қарастыру кезінде Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов сөз сөйледі.
Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов талқылауға қатысты түсініктеме берді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу