28 Қыркүйек 2026, 15:33
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында 9 айдағы экономикалық өсімнің алдын ала нәтижелері қаралды.
Жалпы ішкі өнімнің өсіміне негізгі үлесті құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймаға жинау, сауда және ауыл шаруашылығы салалары қосып отыр.
Өңдеу өнеркәсібінде қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша нақты көлем индексінде оң өсім сақталады деп күтілуде. Өсімдегі негізгі үлесті машина жасау және химия өнеркәсібі қамтамасыз етуде.
2026 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша машина жасау саласында жеңіл автомобиль өндірісі 34,2%-ға өсіп, 117,2 мың бірлікке жетті. Жүк және арнайы техника өндірісі 18,5%-ға, теміржол платформаларын шығару 76,6%-ға, жолаушылар вагоны өндірісі 40,9%-ға ұлғайды. Химия өнеркәсібінде күкірт қышқылы өндірісі 4%-ға, полипропилен 24,5%-ға, аммофос 10,3%-ға өсті.
Бұл ретте металлургияда НКИ 97,5% деңгейінде сақталуда. Көрсеткіштерді жақсарту үшін шикізат базасын кеңейту шаралары қабылданып жатыр. Ел ішінде және шетелде әлеуетті жеткізушілермен келіссөз жүргізілуде.
Серік Жұманғарин Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп кәсіпорындарды шикізаттың қосымша көлемімен қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы ақпаратты тыңдады. Талқылау қорытындысы бойынша металлургия саласы үшін шикізат базасын кеңейту жұмысын жалғастыруды тапсырды.
Құрылыста да оң динамика сақталуда. Қаңтар-тамызда құрылыс жұмыстарының көлемі 6,1 трлн теңге немесе өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 115,6% болды. Өсім 18 өңірде байқалды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы болжануда. Мәселен, тұрғын үй құрылысында өсім сақталып отыр: сегіз айда 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,6%-ға артық. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 12,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп болжануда.
Көліктік-логистикалық сектор оң динамиканы сақтап отыр. Жүк тасымалының өсуіндегі негізгі үлесті астық пен көмір темір жол тасымалы қамтамасыз етеді. Астық тасымалдау көлемі 3 млн тоннаға артып, 13,6 млн тоннаға жетті, көмір 1,1 млн тоннаға, темір рудасы 2,8 млн тоннаға ұлғайды. Бұл қарқын мұнай мен газ тасымалдау көлемін сақтау және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы орындалуда.
Сауда экономиканың өсуіне айтарлықтай үлес қосуды жалғастыруда. Қаңтар-тамыздағы сауда саласындағы НКИ – 106%. Айналым 51,5 трлн теңгеге жетті. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша тұрақты өсім болжануда. Негізгі салымды көтерме сауда қамтамасыз етуде. Мұдағы айналым 34,7 трлн теңгеге жетті. Ол металлургия өнімі, астық және отын саудасының өсуі есебінен орындалды. Бөлшек саудада айналым 17 трлн теңгеге жетіп, бұл ретте азық-түлік тауары бойынша ең жоғары қарқын байқалды.
Кеңесте өңірлердегі сауданы дамыту мәселесі де қаралды. Вице-премьер әкімдіктерге Премьер-министрдің сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Агроөнеркәсіптік кешенде қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша көрсеткіштер тұрақты өсуі мүмкін. Болжам бойынша оң динамика жыл соңына дейін сақталады. Биыл егін жинау қарқыны былтырғыдан жоғары. Негізгі үлесті майлы дақылдың жалпы жиналуының ұлғаюы есебінен егін шаруашылығы қамтамасыз етіп отыр. Мал шаруашылығындағы өсім заманауи тауарлы сүт фермаларының жобалық қуатқа жетуі есебінен сүт өндірісінің артуымен, сондай-ақ бордақылау алаңдарын жеңілдікпен несиелеудің нәтижесінде ет өндірісінің өсуімен орындалмақ.
Азық-түлік өнеркәсібі экономиканың өсуіне қосымша үлес қосуда. Қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша жаңа қуаттарды енгізу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өндірісті кеңейту есебінен өндірісте оң серпін күтілуде.
Серік Жұманғарин үш тоқсанның соңында барлық негізгі салалар бойынша болжамды көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – жыл соңына дейін қарқынды жеделдету емес, бекітілген жұмыс кестесін нақты орындау. Сегіз айдың ішінде барлық негізгі ресурстар таратылып, қажетті резервтер құрылды. Ендігі міндет оларды тиімді пайдалану, қаражатты уақтылы және сапалы игеру және негізгі салаларда белгіленген жұмыс кестелерін сақтау. Басты назарды өндірістік тізбектерге аудару керек. Бұл құрылған қуаттарды қажетті ресурстармен және жиынтықтауыштармен (бөлшектермен) қамтамасыз ету үшін маңызды», — деп түйіндеді штаб отырысын вице-премьер.



#Серік Жұманғарин #Экономика #ӘЭД #Өңдеу өнеркәсібі
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу