Үкіметте балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штабтың екінші отырысы өтті.

Жиынға оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Отырыс балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.

Жұлдыз Сүлейменова балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысы туралы баяндады. Бүгінде 10,8 мың ұйымда 3,2 млн-нан астам бала жазғы демалыспен қамтылған. Оның ішінде жыл бойы және маусымдық жұмыс істейтін 176 орталықта 116 мыңнан астам бала сауықтырудан өтсе, тағы 3,1 млн-нан астам бала 10, 7 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь мен қосымша білім беру ұйымында демалған.

Лицензиялау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Биыл алғаш рет білім беру және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау тәртібі енгізілді. Қауіпсіздік, кадрлық қамтамасыз ету, тамақтандыруды ұйымдастыру, медициналық сүйемелдеу және сауықтыру бағдарламаларының мазмұны бойынша бірыңғай талаптар белгіленді. Қазіргі уақытта 64 орталық лицензия алды, тағы 45 өтінім қаралып жатыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы хабарлады. Қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін 189 өтініш түскен. Оның ішінде 180 нысанға оң қорытынды берілді. Қорытынды берілер алдында әрбір нысан санитариялық талаптарға сәйкестігі бойынша міндетті тексеруден өтеді. Оның аясында ауызсуға, бассейндердегі суға, жағажайлардағы топырақ пен құмға зертханалық зерттеулер жүргізіледі.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев баяндады. Жазғы маусым басталғанға дейін ведомство әкімдіктермен бірлесіп 220 балалар лагеріне тексеру жүргізген. Нәтижесінде 78 сауықтыру ұйымынан өрт қауіпсіздігі талаптарының 756 бұзушылығы анықталған.

Сонымен қатар жазғы сауықтыру науқанының алғашқы апталарында тіркелген төтенше оқиғалар жеке қаралды. Барлық жағдайда мемлекеттік органдардың іс-қимылы уақтылы үйлестіріліп, балалар жедел түрде қауіпсіз орындарға көшірілгені және қажетті медициналық сүйемелдеу ұйымдастырылғаны атап өтілді.

Отырысты қорытындылаған Аида Балаева халық арасында жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық, өртке қарсы және қоғамдық бақылауды күшейтіп, балалардың демалыс, экскурсиялар мен өзге де іс-шаралар кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Премьер-министрдің орынбасары күннің қалыптан тыс ыстық болуына байланысты жұмысты күшейтуге, оның ішінде балаларға берілетін тағамның сапасын тұрақты бақылауда ұстауға ерекше назар аударды.

#Балалардың құқығын қорғау #Білім беру #Денсаулық сақтау

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу