27 Ақпан 2026, 19:22
ҚР Үкіметінде Сербия Президенті Александр Вучич пен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің кездесуі өтті. Онда жоғары деңгейде жүргізілген келіссөздер аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі шаралар қаралды.
Инвестициялар, көлік және логистика, цифрлық сала және ЖИ, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру және тағы да басқа салалардағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.
«Бүгін Сіз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен нәтижелі келіссөз жүргіздіңіз. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтардың орындалуын ерекше бақылауға алады.
Біздің деректеріміз бойынша, 2025 жылы өзара сауда көлемі $107,7 млн құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға өсті. Бұл көрсеткіш одан да ауқымды нәтижелерге қол жеткізу үшін оңтайлы негіз бола алады. Біз ұзақ мерзімді ықпалдастықты одан әрі жалғастыруға ниеттіміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанмен энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс, азаматтық авиация, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар, сондай-ақ білім беру сияқты перспективалы бағыттар бойынша әріптестікті дамытуға ұмтылысын растады.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екеуміз серіктестік аясындағы барлық үдерістерді тікелей қадағалап отырамыз. Сондай-ақ бұл іске біздің елдердің үкіметтері де белсенді қатысып отырғанын жақсы білеміз.
Бізге Қазақстанның білім саласындағы тәжірибесі қызықты. Осыған байланысты қазақстандық сарапшыларды шетелдік жоғары оқу орындарының кампустарын ашу, дуальды білім беруді дамыту, студенттерді шетелде оқыту тәжірибесімен бөлісу үшін Сербияға шақырғымыз келеді», — деп атап өтті Сербия Президенті Александр Вучич.
Кездесу барысында Сербиямен цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту ісінің үлкен әлеуеті атап өтілді. Қазақстанда Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында заманауи цифрлық экожүйе қалыптасуда. Орталық Азияда екі суперкомпьютер кластері іске қосылды, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды, CryptoCity пилоттық аймағы және тағы да басқа да жобалар жүзеге асырылуда.
Көлік интеграциясы мәселелері талқылау кезінде Орта дәлізді дамытуға және Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңа инфрақұрылымды салу жұмыстарына, оның ішінде теміржол және автокөлік желілері, теңіз терминалдары және халықаралық авиациялық хабтарды құруға ерекше назар аударылды.
Агроөнеркәсіп секторындағы, оның ішінде селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы әріптестікті тереңдету перспективалары да атап өтілді. Олжас Бектенов қазақстандық өндірушілердің жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең ассортиментін экспорттауға және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті.
Белградта өтетін EXPO 2027 көрмесін ескере отырып, қазақстандық тарап Сербиямен 2017 жылы Астанада мамандандырылған көрмені өткізу кезінде жинақтаған тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Сербия Президенті Александр Вучич барлық перспективалы бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты серпінді дамыту мен нығайтуға бейілді екенін білдірді.
******
Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанға ресми сапары аясында қазақстандық қорғаныс өнеркәсібінің, оның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы қазақ-серб бірлескен жобаларының көрмесіне, «Астана» халықаралық қаржы орталығына және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.
АХҚО-да орталық жұмысының негізгі бағыттары, оның ішінде инвестицияларды тарту, мәмілелерді бір құрылымға келтіру, капитал нарығын дамыту және халықаралық жобаларға қолдау көрсету жөніндегі құралдар таныстырылды. Бизнесті сервистік қолдау инфрақұрылымына ерекше назар аударылды. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров АХҚО тартқан инвестициялардың жиынтық көлемі бүгінде $20 млрд-тан асқанын баяндады.
Александр Вучич Alem.ai орталығында Қазақстанның цифрлық саланы және ЖИ-технологияларды дамытуға бағытталған жүйелі тәсілдерімен танысты.
Сербия Президентінің назарына отандық әзірлемелер мен жасанды интеллект-стартаптар ұсынылды. Astana Hub-та IT-стартаптарды қолдау жүйесіне және жетекші әлемдік компаниялармен ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлінді. Сондай-ақ онда BestVision – өнеркәсіп пен тау-кен өндірісі үшін АІ-мониторингі, бейнесараптамасы және трекингі бар ақылды каска әзірлеуші; KazDream – бағдарламалық қамтамасыз ету, деректерді талдау және жасанды интеллект саласындағы стартап; Documentolog – электрондық құжат айналымын автоматтандыруға арналған ұлттық бұлтты сервис сияқты қазақстандық стартаптар таныстырылды.








Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу