Үкіметте Астананың азық-түлік белдеуін дамытудың жол картасы бекітілді

Елорданың азық-түлік белдеуін жетілдірудің жол картасы Мемлекет басшысының 2017 жылғы сәуірде берген тапсырмаларына сәйкес әзірленді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, қаланың жеке өндірісі Астана халқының ұнға, макарон өнімдеріне, нан мен жармаға деген қажеттілігін жабады. Елорда тұрғындарын отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік белдеуі аймағында қажетті өндірісті құру, республиканың өзге өңірлерінен өнімдерді тұрақты түрде жеткізіп тұруға жағдай жасау және астананың сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша міндеттер қойылды.

Үш аймаққа бөлу арқылы Қарағанды облысының жақын орналасқан төрт ауданының және Ақмола облысының барлық аудандары өндірісінің әлеуетіне талдау жүргізілді. Бірінші аймақ 100 шақырым радиуста, екіншісі — 200 және үшіншісі — 300 шақырым.  

Екі облыстың әкімдіктеріне арналған жол картасында әртараптандыруды есепке алғанда 2018 жылға арналған егіс алқаптарының қажетті құрылымы анықталған. 300 шақырым радиустағы аудандардың қой еті өндірісінің көлемін қажеттіліктің 60%-на дейін ұлғайту әлеуеті бар. Ал шұжық өнімдерін, өңделген сүт, сары май, ірімшік және сүзбе көлемін қажеттіліктің 50%-на дейін ұлғайту әлеуеті бар. Ет өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы 28 мың тонна және жүктемесі 72% болатын 24 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Жылына 90 мың тонна сүт өндіру қуаттылығын ескергенде, азық-түлік белдеуінің 20 сүт зауыты бойынша жүктеме 55%-ды құрайды. Сондай-ақ, мұнда өндіріс көлемін ұлғайту бойынша нақты индикаторлар қойылған.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, өңдеу кәсіпорындарына шикізат беруді ынталандыру үшін ұсақ және орташа шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру жұмыстары жалғастырылып жатыр. Қазақстанның өзге өңірлерінен жетіспейтін азық-түлік түрлерін жеткізуді қоса алғанда, Астанаға азық-түлік жеткізу жұмыстарын ынталандыру үшін заңнамалық деңгейде «Астана қаласының азық-түлік белдеуіне қатысушы» статусы бекітіледі. Ол ауыл шаруашылығы өндірушілеріне белгілі-бір жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді.

Сауда инфрақұрылымын кеңейту бойынша үшінші міндетті іске асыру үшін Астана қаласында жыл соңына дейін 50 модульдік сауда павильоны іске қосылады. Осы мақсаттарға орай, елорда әкімдігі жер телімдерін бөліп, «Көше саудасын дамыту» бағдарламасы аясында 90 млн теңге көлемінде инвестициялар тартты.

«Жалпы, Жол картасын іске асыру Астана қаласының халқын «баға–сапа» тепе-тең қатынасы бойынша қажетті азық-түлік көлемімен қамтамасыз етеді», — деді Қ. Айтуғанов.

Анықтама:

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 1 маусымдағы жағдай бойынша Астана қаласының аумағында 1 002,8 мың адам тұрады. Аталған халық қажеттілігін азық-түлік өнімдерін тұтынудың минималды нормаларына сәйкес қанағаттандыру үшін 617,2 мың тоннаға жуық негізгі азық-түлік тауарлары қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу