Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасында үкіметаралық келіссөздер өтті

24 қарашада Ташкентте Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында екі жақты қарым-қатынасты әрі қарай жандандыру үшін ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 2017 жылғы қыркүйектегі Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің маңыздылығы атап өтілді.

«Мемлекет басшылары Н. Назарбаев пен Ш. Мирзиёевтің келісімдерін практикалық іске асыру Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасына сапалы жаңа деңгейді қамтамасыз етеді», — деді А. Мамин.

Кездесу барысында өнеркәсіп кооперациясы, агроөнеркәсіп саласы, әскери-техникалық, аэроғарыш, транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды. Қашықтықтан зондтау және жерсерік байланысы бойынша қазақстандық жерсерік тобының қызметтерін ұсыну мүмкіндігі қаралды.

«Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2017 жылғы 9 айда 30% өсті және $1,5 млрд құрады. Ағымдағы жылдың соңына қарай тауар айналымы $2 млрд құрайды», — деді А. Мамин және «2020 жылға қарай әлеуетті ескергенде өзара сауда көлемін $5 млрд дейін жеткізу қажет» екенін баса айтты.

Тараптар өңірлік және шекара маңындағы ынтымақтастықтың қазіргі әлеуетін – екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды бағытын жақтап сөйледі.

Осыған байланысты Өзбекстан Премьер-Министрі А. Арипов Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу идеясын қолдады, ол «екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды әрі қарай дамытуға негіз» болады.

Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Өзбекстан арасында дипломатиялық қатынастар орнаған күннен бастап 25 жылдықты мерекелеу бойынша іс-шаралар аясында өтіп жатқан кездесудің нышандылығын разылықпен атап өтті.

2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу жоспарланған, ол екі елдің тарихи мұрасы мен мәдени бірлігінің бауырлас сипатын көрсетеді.

Ташкентке сапар барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияның тең төрағалары  — ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин мен ӨР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Раматовтың жұмыс кездесуі өтті.

Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, өзара сауда көлемдерін ұлғайтуға, тауарлар тізімдемесін кеңейтуге екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан Үкіметаралық комиссиясының қызметі септігін тигізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды, 16-шы үкіметаралық комиссия отырысында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың табыстылығы атап өтілді.

Азық-түлік өнімдері, химия және мұнай химиясы салаларында сауда үйлері құрылды. Машина жасау және фармацевтикалық салаларда сауда үйлерін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Барынша мүмкін мәселелер спектрі бойынша өзара тиімді және табысты ынтымақтастықты көздеу Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарына сапалы жаңа мазмұнды қамтамасыз етеді», — деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша А. Мамин мен А. Раматов сәйкес Хаттамаға қол қойды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу