Түркістан облысында 50 мың бас малға арналған Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешені ашылды

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түркістан облысының Қожатоғай ауылдық округінде жаңа бордақылау кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға қауқарлы нысан – Орталық Азиядағы ең ірі кешен.

Жоба «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Кешен жемшөп дақылдарын өсіруден бастап мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.

Жаңа кешен жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді. Компаниялар тобының құрамында жылына 7,2 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кәсіпорны мен қуаттылығы 46 мың тонналық құрамажем зауыты жұмыс істейді. Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, жемшөп дақылдарын өсіру және 12 мың бас малға арналған заманауи мал биржасын салу жобалары жүзеге асырылуда.

Бордақылау кешенін салу барысында Аустралия технологиялары қолданылды. 2024 жылдан бастап Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың аустралиялық моделінің жекелеген элементтерін енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл тәсіл мал өнімділігін арттыруға, өндіріс шығындарын азайтуға, бордақылау алаңдары мен мал саудасының заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

«Бүгін біз Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешендерінің бірін ашып отырмыз. Үш жыл бұрын қазақстандық фермерлермен бірге Аустралияға барып, мал шаруашылығын жүргізудің озық тәжірибесін зерделедік. Бүгінде сол тәжірибенің іс жүзінде қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанда бұл саланы одан әрі дамытуға барлық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, кең жайылымдық алқаптар, жемшөп қоры, білікті мамандар және экспорттық әлеует жеткілікті. Былтыр ет экспорты 100 мың тоннадан асты. Алайда бұл – еліміздің әлеуеті толық пайдаланылды деген сөз емес. Қазір агроөнеркәсіп кешенінің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу экономикалық өсімнің қосымша көздеріне айналуға тиіс. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 10%-ға жеткізу міндетін қойып отырмыз», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі. 

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу