28 Наурыз 2019, 16:45

Бүгін жұмыс тобын бастаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Ақмола облысына барды.
Олар халықтың аз қамтылған топтарын қолдауға және табыстарын арттыруға, кірістері төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсартуға және өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған.
Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Nur Otan партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Л. Рамазанова, журналистер мен блогерлер кірді.
Өңірде жұмыс «Достық» МҮ-де Көкшетау қаласының жұртшылығымен, ардагерлермен, көп балалы, аз қамтылған отбасылармен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен кездесуден басталды.
Шараны аша отырып, Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде мемлекетте халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ол мемлекеттен еңбекке жарамсыз азаматтарға және уақытша өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарға көмек көрсетілетінін ерекше атап өтті. Ал жұмыс істеуге қабілетті басқа адамдар мемлекет ұсынып отырған жұмыспен қамтудың барлық формаларына қатысуы тиіс. Сондықтанда бізге қоғам болып әлеуметке қарсы көрініс ретінде біреудің есебінен күн көруді жою қажет.
Бұдан кейін жұмыс сапары Көкшетау қаласының №1 емханасында жалғасты, онда Ақмоланың медицина қызметкерлерімен Денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды. Облыста бір жалпы практика дәрігеріне жүктеме 1682 адамға дейін қысқарды, сондай-ақ, халықтың 97,7%-да денсаулықтың электронды паспорты бар.
«Халыққа медициналық көмек сапасын жақсарту ерекше бақылауға алынған. Осы мақсаттарда медициналық көмек сапасына бірыңғай талаптар және бақылаудың бірыңғай жүйесі енгізілуі тиіс. Сапалы медициналық қызметтердің тең көлемі қала және ауыл халқына қолжетімді болуы қажет», — деді Г. Әбдіқалықова.
Қалалар мен аудандардың әкімдерімен, кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен өткен кеңесте жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен әлеуметтік әріптестікті ілгерілету мәселелері талқыланды. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес құрылымдардың аз қамтылған азаматтарға жұмыс орындарын беріп, баспана мәселесін шеше отырып, оларға қолдау көрсетуге нақты атсалысуы қажет екені баса айтылып өтті. Кеңесте астық пен ет өнімдерін өндірумен және өңдеумен айналысатын AIZET FARMS ЖШС басшысы Мұрат Шәмшінұров бастама білдірді. Ол қыркүйекке қарай екі 2-пәтерлі үй салып, әкімдікке аз қамтылған отбасылар үшін арнап беретінін жеткізді.
Бұған қоса, жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметін тексерді, оның көмегімен 2018 жылы 2,5 мың адам жұмысқа орналасқан болатын.
Бұдан өзге, ол «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ бөлімшесінің жұмысымен танысты. Олар биылғы екі айда 34 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен, оның ішінде 5 мыңнан астамы — электронды форматта.
Премьер-Министрдің орынбасары аталған мекемелердің басшылығына халыққа уақытылы әрі сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.
Жұмыс сапарының бірінші күнінің соңында Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша азаматтарды жеке қабылдады. Ол халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдаудың мазмұнын, формаларын, әдістері мен тетіктерін толығырақ түсіндіріп берді.
Жүгінгендердің қатарында мүмкіндігі шектеулі жолдасымен мектепте оқитын 5 баланы тәрбиелеп отырған, баспана мәселесіне қатысты көмек сұраған көп балалы аз қамтылған ана Гүлзайра Бекпасова болды. Оның сұрағына жағымды жауап берілді, сәуір айында бұл отбасыға жалдамалы пәтер беріледі.
Сонымен қатар, Г. Әбдіқалықова бес бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана Анаргүл Мұхамедрахымоваға барды. Көп балалы ананың айтуынша, ол жолдасымен балаларын барлық қажеттімен қамтамасыз етіп жүр, отбасыға қажетті басты мәселе — баспананы жекешелендіру. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шешуге жәрдемдесіп жатыр.
Премьер-Министрдің орынбасары азаматтарды қабылдау және отбасыларға бару қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға мұқтаж азаматтардың мәселелерін шешу жөнінде тапсырмалар берді.
Осы күні жұмыс тобының мүшелері облыстың аудандарына барды: денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов — Зеренді ауданына, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Nur Otan партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов жұмысты Көкшетау қаласында жалғастырды, онда мұғалімдермен және дәрігерлермен, тәрбиешілермен және медбикелермен кездесу өткізіліп, халықты жеке қабылдап, мектептер мен ауруханалар тексерілді.
Ақмола облысына жұмыс сапары жалғасады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу