Қазақстанда ішкі туризм кластерлік принцип бойынша дамуда

Бүгін Президент Жолдауының 8-бағыты аясында туризмді дамыту туралы баспасөз конференциясында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ішкі туризм келушілерінің саны 25%-ға өсіп, 3.5 млн адамды құрағанын мәлім етті.

Министр атап өткендей, Қазақстан бірегей табиғи ландшафтілер мен Ұлытау, Шығыс және Батыс Қазақстанның киелі жерлері, Алтай секілді қасиетті тарихи орындарға бай.

«Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады, Қазақстандағы әрбір жер бірегей әрі өзіндік тарихымен байланысты. Біз бүкіл әлемге осы жерлерді көрсетуіміз керек», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның топ-10 ғажайып орны туралы сұраққа жауап бере отырып.

Сондай-ақ, министр бүгінгі таңда Қазақстанда туризмнің дамуын ынталандыру үшін Қазақстанның тарихи орындары туралы ғылыми-танымдық, анимациялық фильмдер түсіріліп жатқанын айтты.

Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Дана Құрмашева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ішкі туризмді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Дана Құрмашеваның айтуынша, өңірлермен жұмыс кластерлік сипатта жасалды. Туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды, онда кластерлік принцип айқын жазылған.

Кластерлік жүйенің құндылығы — оның белгілі бір аймақтың мамандандырылуына және белсенді экономикалық дамуына үлес қосуында екені айтылды.

«Өткен жылдан бері біз өңірлермен тұрақты жұмыс жүргізіп жатырмыз, іс-шаралар жоспары әзірленді. Облыс әкімдері деңгейінде инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, облыстарда туристік өнім шығаруды ілгерілетуге арналған бірлескен пакеттер жасалып жатыр», — деді Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары.

Дана Құрмашеваның айтуынша, Ұлы Жібек жолының эпицентрі ретінде ұсынылған Оңтүстік Қазақстан кластері аса белсенділердің бірі. Аймақта туристік кластерді құру бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр және барлық нысандар арасында өте тығыз байланыс орнаған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу