Арнайы экономикалық аймақ қызметтері Үкіметте талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 26 ​​қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бюджет қаражатын тиімсіз АЭА-ға жұмсауға болмайды және оларды жою керек деп атап өтті.

Үкіметте арнайы жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Есеп комитетінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері кірді.

Жұмыс тобының отырысында АЭА тиімділігін арттыру тәсілдеріне қатысты сұрақтар көтерілді, оның ішінде:

  • АЭА әрекет ету мерзімін белгілей отырып, жеңілдіктер мен преференциялар беру үшін нақты және айқын критерийлерді анықтау (жоғары технологиялар, импортты алмастыру, жоғары қосылған құн, инновация, экспортқа бағдарлау және т. б.);
  • қолданыстағы заңнаманы жетілдіру арқылы өз міндеттемелерін орындамағаны үшін инвесторлардың жауапкершілігін белгілеу;
  • жеке АЭА-ның одан әрі жұмыс жасауының мақсаттылығы, соның ішінде «Қорғас» ШЫХО, «Химпарк Тараз», «Астана - жаңа қала»;

Қорытындысы бойынша жедел және жүйелік сипаттағы шаралар ұсынылды, олар АЭА-да жобаларды іске асыру бойынша жұмысты күшейтуге, басқарушы компаниялардың қызметін жақсартуға, сондай-ақ отандық өндірушілерді дамыту үшін тең бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ә. Смайылов бір аптаның ішінде АЭА қызметін жақсарту бойынша ұсынылған тәсілдерді пысықтап, тиісті жобаны талқыға салу үшін ұсынуды тапсырды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында 13 АЭА жұмыс істейді. Жұмыс істеп тұрған АЭА-да 303 жоба іске асырылды. 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. АЭА аумағында өнімнің 136 түрі шығарылады, оның ішінде 30-дан астам жаңа өнім түрлері индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың арқасында пайда болды (тікұшақтар, винтовкаға арналған оптикалық көздеуіштер, түнгі көру құрылғылары, бронетранспортерлер, локомотивтер, электр локомотивтер, жолаушылар вагондары, премиум-құбырлар, мақта целлюлозасы, полипропилен жіптері және басқалары), сонымен қатар 50-ден астам бірегей АТ шешімдері мен қызметтері көрсетіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу