18 Тамыз 2026, 13:15
ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасында кадрларды оқыту мәселелерінде өзара іс-қимылды жолға қою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Министр жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен тиімді ынтымақтастығына мысал ретінде «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты атап өтті. 2026-2027 оқу жылына студенттер контингентін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
«Елімізде 123 жоғары оқу орны бар, оның 107-сі азаматтық университеттер. Биыл білім алушылар саны 740 мыңнан асады деп күтілуде. Гранттар саны былтырғы деңгейде сақталды. Биыл мемелекеттік грант конкурсына 127 мыңға жуық талапкер қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Биыл жүргізілген сауалнамада анықталған сұранысқа сәйкес мемлекеттік қолдау көлемі қамтамасыз етілді. Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттарға мемлекеттік қолдау сақталды. 8 327 грант жеңілдік берілетін категорияларға жататын талапкерлерге, 1 745 грант мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға, 2 378 грант қандастарға, 2 169 грант «Серпін» жобасына қатысушыларға берілді. Мемлекеттік гранттардан бөлек, әкімдіктер, жоғары оқу орындары, әртүрлі қорлар және ректорлар есебінен шамамен 5 мың қосымша грант қарастырылуда», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар министр жоғары оқу орындарына қабылдау магистратура мен докторантура деңгейінде 28 тамызға дейін жалғасатынын, қазір грантқа конкурстық процедуралар жүргізіліп жатқанын, ал бакалавриатқа қабылдау 25 тамызда аяқталатынын атап өтті.
Келесі мәселе – білім берудің еңбек нарығымен байланысы. Министрлік жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың өзара байланысын күшейтуде. Ведомство басшысы жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен тиімді ынтымақтастығына мысал ретінде «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты атап өтті. Қордың портфельдік компанияларында жыл сайын шамамен 10 мың студент дуальды оқудан және өндірістік практикадан өтеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында осы форматпен 4 мың 300-ден астам студент қамтылды. Дуалды оқыту тау-кен ісі, энергетика, IT, электр техникасы, теміржол көлігі, телекоммуникациялар, цифрлық технологиялар, ресурстарды өндіру және өңдеу бағыттарын қамтиды.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайды. Шамаман 600 білім алушы қабылданады. Бакалавариатта 400 студент, оның 308-і мемлекеттік грант иегері. Магистратура бағдарламасына 100 адам Астана Хаб, Алагеум гранттарына және ақылы оқуға қабылданады. «Самұрық-Қазына» өзінің 100 қызметкерін MBA AI+X бағдарламасында оқытады.
«Келесі бағыт – студенттердің бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру. Біздің міндет – студент университетке түскен күннен бастап диплом алғанға дейінгі барлық негізгі процесті бір жүйеге біріктіру. Қазірдің өзінде ҰБТ сертификаты eGov жүйесінде қолжетімді, AI-прокторинг және AI-Talapker іске қосылған. Студенттер мен түлектер туралы негізгі деректер Жоғары білім берудің бірыңғай платформасында жинақталады. Келесі кезең – AI-Admission, AI-Onboarding, жеке білім беру траекториясы, цифрлық құзыреттер профилі, AI-Library, AI-психолог және AI-Career секілді ЖИ-шешімдерді оқу процесіне енгізу. Бұл бағытта бастапқы база қалыптасты. AI-Sana бағдарламасы аясында 442 ЖИ-агенттер әзірленді. Алдағы оқу жылында бағдарламаның 3-ші және 4-ші кезеңдері жүзеге асырылады», — деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр жатақханадан орын беру қызметі проактивті форматқа көшірілген атап өтті. «Smart Data Ukimet» пен Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы интеграцияланды. Енді студенттің қажеттілігі автоматты түрде анықталады. Скоринг жүргізіледі, мұқтаж студенттердің тізімі қалыптастырылады, өтінім автоматты түрде жасалады және шешім қабылданғаннан кейін студентке хабарлама жіберіледі. Былтыр осы жүйе арқылы 48 282 проактивті қызмет көрсетілген. Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі жіті бақылауда. ҚР ғылым және жоғары білім министрі жалпы республика бойынша жатақхана тапшылығы жоқ екенін, бірақ негізгі мәселе Алматы қаласында қалып отырғанын айтты. Мұнда тапшылық 5 176 орынды құрайды. 2026 жылы 18 жатақхананы жалпы 6 857 орынмен іске қосу жоспарланған. Жаңа жатақханалар жастардың сұранысына сай, жайлы форматта жасақталуда. Мысалы, Астана қаласында Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа 2 жатақхана 1,5 мыңнан астам студентті орналастыруға дайын. Ашылуы осы аптада болады. Алматы қаласында Халықаралық білім корпорациясының 339 орындық замануи жатақханасы биыл қолданысқа берілді. Қазір 7 жатақхананы іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 11 жатақхана іске қосылады.
«Оқу жылының басында студенттерден түсетін өтініштердің негізгі бөлігі жатақханаға орналастыру мәселелеріне байланысты. Осы себепті Алматы қаласында Ахуалдық және Дағдарыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылды. Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейді. Орталықта 8 маман жұмыс істейді. Былтыр бұл орталықта 3 мыңнан астам студентке көмек көрсетілді. Барлық жоғары оқу орындарында да студенттерге жедел көмек көрсету үшін ахуалдық орталықтар мен жобалық кеңселер ұйымдастырылған. Алматыда нақты тұрғын үй мәселесі туындаған жағдайда студентті уақытша орналастыру үшін Дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұнда 50 орын қарастырылған. Былтыр дағдарыс орталығында 55 студент уақытша орналасып, тұрақты жатақханаға ауыстырылды», — деді Саясат Нұрбек.
ҚР ғылым және жоғары білім министрі сөзін қорытындылай келе, жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Негізгі проблемалық бағыттар анықталған, олар бойынша нақты шаралар қабылданғанын баяндады.
#Білім беру #ҒЖБМ #Ғылым #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу