2015 жылдың бірінші жарты жылдығында ҚР мен Жапония арасындағы тауар айналымы 600 млн долларды құрады - Н.Назарбаев

Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара сауда көлемі 600 млн долларды құрады, деп мәлімдеді бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер- Министрі Синдзо Абэмен кездесуі барысында.

«Тек 2013-2014 жылдардың өзінде елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 2 млрд доллар болды. Ал, биылғы жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 600 млн долларға жетті», - деді Н.Назарбаев. 

Оның айтуынша, 10 жылда Қазақстанға келген жапон инвестициясының көлемі шамамен 5 млрд доллардай болады. Сонымен қатар, Жапония ресми көмек ретінде Қазақстанға 1,2 млрд доллар берді.

«Елімізде бірқатар ірі компаниялар белсенді жұмыс істеуде. Бүгінде 50 бірлескен кәсіпорын тіркелген, құны 700 млн доллардан асатын 6 бірлескен жоба іске асырылды. Дәл осы сома мөлшерінде тағы 10 жоба қарқынды ілгерілету сатысында тұр. Қостанайда «Тойота» автомобильдерін құрастыру зауытын ашу да айшықты оқиға болды. 25 қазаннан бастап Инвестицияларды өзара қорғау және көтермелеу туралы келісімнің күшіне енуі ынтымақтастығымыздың құқықтық базасын айтарлықтай жақсартатынына сенімдімін», – деп түйіндеді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Синдзо Абэні либерал-демократиялық партия төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. 

«Сіздің алғашқы ресми сапарыңыз қарым-қатынасымыздың, стратегиялық серіктестіктің жаңа сапалы деңгейіне шығуға қуатты серпін беретініне сенімдімін. Сіз маңызды бағдарлама ұсындыңыз. Біз - қазақстандықтар сол бағдарламаны жүзеге асыруға Сізге зор денсаулық тілейміз», - деп мәлімдеді Қазақстан басшысы.

Ұлт көшбасшысы Астана мен Токио ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ атом энергетикасын бейбіт пайдалану ісінде одақтас екенін айтып өтті.

Өз кезегінде, Жапония Премьер-Министрі екі жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың құқықтық базасын нығайту, сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі ірі инвестициялық бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін, жалпы ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер аясын едәуір кеңейтетінін атап өтті.

«Қазақстан халықаралық аренада, халықаралық қауымдастықта маңызды рөл атқарады, сондай-ақ Қазақстан Жапония үшін қымбат серіктес болып табылады», - деді Синдзо Абэ.

Ол сондай-ақ, Президент Н.Назарбаевпен кездесу барысында Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайту мәселесі бойынша пікір алмасылғанын айтты.
 
«Біздің кездесудің үш маңызды нәтижесімен таныстырғым келеді. Біріншісі, Жапония бұдан ары қарай да Қазақстандағы экономикалық реформаларды қолдайтын болады, яғни бұл тұрғыда мемлекеттік құрылымдарды, сонымен бірге жеке секторды да қолдаймыз. Біз осы жайында уағдаластық. Атап айтқанда, Қазақстандағы құрылысы жоспарланып отырған АЭС-ке тоқталатын болсақ, біз оны жүзеге асыру бойынша өзіміздің өзара іс-қимылымызды нығайтуға ниеттіміз. Біз осыны растадық. Сонымен қатар өнеркәсіп саласы мен медицинада жапондық диагностика жүйесін енгізу үшін білікті кадрларды даярлау саласында жаңа ынтымақтастық басталады. Осы орайда біз белсенді талқылаулар жүргіземіз және осы шараларды келістік», - деп атап өтті жапон үкіметінің басшысы.

Өз кезегінде біздің Мемлекет басшысы екі жақты ынтымақтастықтың басымдықты салаларын атап өтті.

«Біздің ойымызша, сирек кездесетін металдарды барлау, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік саласындағы ынтымақтастық өте маңызды», - деді Н. Назарбаев. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу