ШИК отырысы: ЕҚҚДБ президенті С. Чакрабарти Қазақстанның үш серпілісті инвестициялық саласын атады

Бүгін Астанада ҚР Президенті Н. Назарбаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысы өтіп жатыр. Пленарлық отырыстың тақырыбы — «Үдемелі жаңғырту». Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти өз сөзінде Қазақстанның үш серпілісті инвестициялық саласын атады.

«Шетелдік инвесторлар кеңесінің жыл сайынғы отырысы, меніңше, бұл әрбір қатысушы үшін өте маңызды күн. Елде түбегейлі өзгерістер болып жатыр деп есептеймін. Қазақстан шын мәнінде табыс деңгейі орташа ел және бұл жаңа статус жаңа қызықты мүмкіндіктер беріп, жаңа сын-тегеуріндер туғызады. Біз жаңғыртуды жеделдету жұмыстарын күшейтуіміз керек, әсіресе Қазақстан мен ЕҚҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы мәселені қарау аса маңызға ие. Бүгін біз екі серіктестің ортақ мақсатта жұмыс істеп, оған қол жеткізіп жатқанын көріп отырмыз», — деді С. Чакрабарти.

Ынтымақтастық орнаған жылдан бері ЕҚҚДБ-дың Қазақстанға инвестициялар көлемі шамамен $9 млрд құрады.

«Біз бірлесіп жаңғыртуды жеделдетуге тырысудамыз. Бұл оны жеделдетуге үлкен үміт береді. Мен үш негізгі бағытты атап өткім келеді. Оларды серпілісті деп атар едім. МЖӘ бойынша ҮАААЖ жобасының инвестициялық келісімдеріне қол қоюға қатысқандардың барлығын құттықтаймын. Бұл Орталық Азиядағы заманауи халықаралық тәжірибелер негізінде жұмыс істейтін алғашқы жоба, ол Қазақстанның бұдан да көп тікелей шетелдік инвестицияларды тарта алатынын әлемге дәлелдеуге жол ашады», — деді ЕҚҚДБ президенті.

Екіншіден, Сума Чакрабарти Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласындағы жетістіктерін атап өтті. Қазақстан экономикасын «жасыл желілерге» көшіру елді жаңғырту үшін өте маңызды және Қазақстанды одан да бәсекеге қабілетті етеді.

«Бүгінде таза технологиялар қорының және ЕҚҚДБ-ның бірлескен жобасы жаңа күн қондырғыларын қаржыландыруға мүмкіндік береді және біз $38 млн сомасына жаңа жобаға қол қойдық», — деді С. Чакрабарти.

Үшінші табысты инвестициялық сала — АХҚО.

«Бұл ЕҚҚДБ жұмысындағы үлкен басымдық. Біз АХҚО әлеуетіне тамсана қараймыз», — деді Сума Чакрабарти.

Сонымен қатар, ЕҚҚДБ басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Қазақстанның даму қарқынына таңырқай қарайтынын айтты.

«Астана мен жалпы Қазақстанға тамсану сезімі – мұны осы жерге келгенімде үнемі сезінемін. Бұл лайықты баға. Шетелдік инвесторлар кеңесінің тең төрағасы болғанымды мақтан етемін, қазір болып жатқан өзгерістерді, сонымен қатар инвесторлармен ел Үкімет арасында орнаған диалогты қолдаймын. Мұндай диалог Қазақстанды жаңғырту бойынша біздің жұмыстарымызды жылдамдатуда маңызды рөл атқарады деп санаймын», — деді ол.

РrimeMinister.kz тілшісіне берген сұхбатында Сума Чакрабарти Қазақстанға осымен алтыншы рет келіп отырғанын айтты. 

«Қазақстанның үнемі даму үстінде екендігі маған ұнайды. Әрі үдемелі даму үстінде. Басқа елдерден үйренуде, басқа елдер үшін кейбір сабақтар беруде. Әрине, бұл орайда Мемлекет басшысының көшбасшылығы мен министрлердің мықты командасының, сонымен қатар болашақты құратын жас буынның, жекеменшік сектордың маңыздылығын айтпай кетуге болмайды. Мен Қазақстанның бұдан арғы болашағына оптимистік көзқарастамын», — деді Сума Чакрабарти.

Анықтама:  Шетел инвесторлары кеңесінің 31-пленарлық отырысы аясында Еуропа қайта құру және даму банкінің Risen Energy қытай компаниясымен Қарағанды облысында күн электр стансасын салу бойынша бірлескен жобаға қол қойылды. ЕҚҚДБ үшін бұл Қазақстандағы алтыншы жоба.

ШИК құрылғаннан бері Мемлекет басшысының төрағалығымен 30 пленарлық отырыс өткізілген, оларда көптеген мәселелер қаралған, оның ішінде: еліміздегі шетелдік инвестициялар үшін құқықтық режимді жақсарту, Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру, салық салу және шетелдік жұмыс күшін тарту жүйесін оңтайландыру, ҚР инвестициялық имиджін жақсарту, болашақ энергиясы, сонымен қатар басқа да бірқатар мәселелер бар.

Еске салайық, шетел инвесторлары кеңесі ҚР Президентінің төрағалығымен жұмыс істейтін бірегей алаң болып табылады. Кеңес 1998 жылы ҚР Үкіметі мен шетелдік инвесторлар арасында олардың елдегі инвестициялық қызметімен байланысты проблемалық мәселелерді тиімді шешу, ҚР-дағы инвестициялық ахуалды жақсарту үшін тікелей диалог орнатуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. ШИК құрамына 35 ірі трансұлттық компания мен халықаралық ұйымдардың басшылары кіреді. 

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу