Қазақстанның қолшатыр брендтері сыртқы нарықтарға шығудың локомотивтері болады — А. Қабыкенов

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов мәлімдеді.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген А. Қабыкенов қазақстандық экспорттық тауарлардың үздік ондығына тоқталды. Әлемдік нарық ауқымында, бұл — мұнай, тазартылған мыс, түсті металдар, бидай және т.б. Көрші Қытайға елімізден тазартылмаған мыс, өңделмеген мыс қорытпалары, ферроқорытпалар, тоқыма мата, бидай, күнбағыс тұқымы, күнбағыс майы және т.б. экспортталады. Сонымен қатар, экспорттық тауарлар тізімі жыл сайын толықтырылып жатыр.

«Бүгінгі таңда Қытаймен инфрақұрылым өте қарқынды дамып келеді. ҚХР-дың 18 провинциясы өз жүктерін Қазақстан арқылы транзитпен тасымалдайды, ал біздің жүктеріміз Қытайға, одан әрі Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне жеткізіледі», — деді А. Қабыкенов.

2017 жылы экспортқа шығарылған жаңа өнімдер туралы айта отырып, вице-министр Нива, Peugeot автокөліктерін, күн панелдері мен құрғақ бие сүтін атап өтті.

Спикердің айтуынша, құрғақ бие сүтін қарағандылық фирма герман өкілдерімен бірлесе отырып шығарады. «Евразия Инвест LTD» ЖШС өнімдері қауіпсіздік бойынша Кеден одағының талаптарына сәйкестік декларациясын алды.

Халықаралық үлгідегі құжат өнімді ЕАЭО аумағында да сату, алыс шетелге де экспорттау құқығын береді. Функционалдық өнімдерді тұтынудың әлемдік үрдістерін ескере отырып, компания Еуропадағы, Қытайдағы және Ресейдегі әлеуетті серіктестермен белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр.

Экспорттық тауарларды шығарумен айналысатын отандық кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтар болсақ, А. Қабыкенов Қазақстан Үкіметінде бүгінгі таңда оны кеңейту мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын атап өтті.

«Бұл мемлекеттік қолдау көбірек мақсатты бағдарланған болады. Біз экспорттаушыларға олардың қызығушылығын арттыру мақсатында өңделген өнімдердің шығындарын өтеу үшін қолдау көрсететін боламыз», — деді А. Қабыкенов.

Сонымен қатар, мемлекет экспорттаушылардың тауарлық белгілерді тіркеуге, жарнамаға, шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелерге, фестивальдерге қатысуға, каталогтарды шығаруға, шетелде сауда өкілдіктерін қамтуға жұмсаған шығындарының 50%-ін өтейді.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдаудың ұлғаюы Қазақстанның қолшатыр брендтерін шетел нарықтарына шығудың локомотивтері етуге бағытталған. Мемлекет қандай да бір қазақстандық брендке енетін отандық кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды жоспарлап отыр. ҚР ИДМ-де бұл еліміздегі экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға ықпал етеді деп болжанған.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу