ҚР Үкіметінің отырысы, 13.06.2023

13 маусымда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Абай облысындағы ірі табиғи өртке қатысты ахуал қаралды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.

— Премьер-Министр елдің ұлттық парктері мен орман шаруашылықтарын өртті ерте анықтау және мониторинг жүйелерімен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың табиғи өрттерге қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарауды тапсырды. Премьер-Министр өртті өршімей тұрып, басталған сәтте сөндіру үшін шұғыл әрекет ету керектігін айтты – өрттің таралуына жол бермеу үшін күштер мен құралдарды мүмкіндігінше жедел жіберіп отыру керек. 

 — Әрі қарай отырыста 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

 — Премьер-Министр қаржылық тәртіпті күшейту маңызды екенін атап өтті, өйткені бағдарламалардың бірқатар әкімшілері бюджет қаражатын игермеген. Осыған байланысты ең үлкен әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджет параметрлерінің сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау бойынша жоспарланған инвестициялық іс-шаралардың орындалуы ерекше бақылауда болуы тиіс. 

 — Сонымен қатар отырыста мал шаруашылығын одан әрі дамыту шаралары қаралды. Осы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады.

 — Үкімет басшысы ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейтуді қамтамасыз етуді, халықаралық тәжірибені және цифрландыруды ескере отырып, Ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды. Оған қоса Әлихан Смайылов отандық мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі шаралар кешенін және алгоритмді әзірлеу, сондай-ақ осы жылдың соңына дейін аусылдан таза мәртебесін алу қажеттігін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу