Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №99

2023 жылғы 4-10 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 5 желтоқсан, Үкімет отырысында көлік құралдарымен жүк тасымалдауды дамыту және транзит мәселелері қаралды.  Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша республикада көлік құралдарымен жүк тасымалдау көлемі 5,5 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артық. Отандық операторлардың үлесі 42%-ды құрайды. Транзиттік тасымалдарда да оң динамика байқалады. Әлихан Смайылов ҚР жүк тасымалдаушылары үшін бланкілерді ұсыну тетігін қайта қарауды, өткізу бекеттерінің қуатын арттыру жөнінде нақты шаралар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсету сапасын жақсартуға және бонд қоймаларын дамытуға баса назар аударды.

  • Сол күні Үкіметте барлық деңгейдегі педагог кадрларды даярлау жөніндегі шаралар талқыланды. Елімізде соңғы жылдары педагогикалық бағыттарға бөлінген гранттар саны бірнеше есеге өсіп, 15 923-ке жетті. Олардың құны да екі есе өскен. Студенттер шәкіртақылары да көтерілді. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға қабылдау кезінде қойылатын талаптар күшейтілді. Педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жалғасуда, бүгінде 72% жаңартылды. Үкімет басшысы сұранысты айқындау негізінде педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруды және тәлімгерлік жүйелерін құра отырып, жас мұғалімдердің нарыққа қосылуының тиімді тетіктерін пысықтауды тапсырды.

  • 7 желтоқсан, бейсенбі, Премьер-Министрдің төрағалығымен цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленген Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының жұмыс істеу мәселелерін талқылады. Ол бос жер учаскелерін жедел және ашық бөлуді, сондай-ақ азаматтардың республиканың жер қоры туралы ақпаратқа толық қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған. Премьер-Министр 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап осы мемлекеттік қызметтерді тек цифрлық форматта сапалы көрсетуді қамтамасыз ету үшін барлық кемшіліктер қысқа мерзімде жойылуы тиіс екенін атап өтті.

  • Сонымен қатар отырыста су ресурстарын басқару бойынша бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу мәселелері қаралды. Премьер-Министр платформаны 2024 жылдың 1-тоқсанының соңына дейін пилоттық режимде іске қосуды, одан әрі қыркүйекте өнеркәсіптік пайдалануға шығуды талап етті.

  • 8 желтоқсан, жұма, Әлихан Смайылов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді. Салық саясаты саласындағы реформаларға, инвестициялық ынтымақтастық, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялау мәселелеріне басты назар аударылды. Фискалдық реттеуді қайта жүктеу үшін Қазақстанда жаңа Салық кодексі әзірленді, оның аясында әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетін болады. Бұл ретте салық есептілігі 30%-ға, ал төлемдер саны 20%-ға қысқарады. Үкімет басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға отырыс шеңберінде айтылған барлық ұсыныс пен ұсынымдарды пысықтауды тапсырды.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтті, онда инновацияларды дамытудың жаңа тәсілдері талқыланды. Фокустық саясат тетігі ғылым мен инновацияға бөлінетін қаражаттың 50%-ын нақты жалпымемлекеттік технологиялық басымдықтарға бағыттауды көздейді. Озық халықаралық тәжірибеге сай қалған 50%-ы барлық басқа бағытты қолдауға бөлінеді. Сонымен қатар жоғарыда аталған басым бағыттар бойынша технологиялық платформаларды қалыптастыру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ ҒЗТКЖ мен инновацияларды қаржыландыруды ұлғайту бойынша қадамдар қарастырылған. Премьер-Министр бұл тәсілдерді қолдап, инновациялық қызметті дамыту саласындағы мәселелерді тиімді шешу үшін ғылыми қоғамдастықты да, кәсіпкерлік субъектілерін де белсенді тарту қажет екенін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу