11 айда тұрғын үй құрылысының көлемі 16,9 млн м2 жетті – ӨҚМ

Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз конференциясы аясында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Мемлекет басшысының азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және саланы цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Вице-министрдің айтуынша, құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр және елдің ЖІӨ-сінің 6%-ын құрайды. Негізгі басымдық – тұрғын үй құрылысы. Президенттің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін 1 млн-нан астам азаматты жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті қойылған.

«Биылғы 11 айда 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 154,3 мың тұрғын үйді құрайды. Біз жоспарланған көрсеткіштерден озық келеміз», — деді Қуандық Қажкенов.

Азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары белсенді түрде іске асырылуда:

  • Жалдамалы тұрғын үй: халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 7,2 мыңға жуық пәтер сатып алынды. Жалпы жыл соңына дейін 14,5 мыңнан астам пәтер сатып алу жоспарланған.
  • Жеңілдетілген несие: 2% және 5% мөлшерлемемен 4,9 мың қарыз берілді.
  • «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары: жалпы сомасы 205,7 млрд теңге көлемінде 7,6 мың ипотекалық қарыз берілді.
  • Жалға алу төлемін субсидиялау: 11 мыңнан астам азамат пайдаланды.

Спикер үлескерлердің құқықтарын қорғауға және «сұр» схемаларды жоюға бағытталған заңнамалық өзгерістерге де тоқталды. Үлестік қатысу туралы заңды айналып өту үшін алдын ала шарттар жасасуға тыйым салатын түзетулер енгізілді. Сонымен қатар үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқаны үшін айыппұл мөлшері 300-ден 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

«2026 жылдың қаңтарынан бастап екінші деңгейлі банктер “Қазреестр” ақпараттық жүйесі арқылы үлес төлемдерінің заңдылығын тексеру құқығына ие болады. Бұл әкімдіктің рұқсаты немесе Бірыңғай оператордың кепілдігі жоқ нысандарды қаржыландыру мүмкіндігін жояды», — деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Президенттің 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы бақылауда тұр.

90 қаланың 73-і орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтылған. 6 148 ауылдың 5 685-інде ауыз су қолжетімді. Халқы аз 201 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Коммуналдық желілердің тозуын азайту мақсатында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 13 трлн теңге. 8 мың км су және су бұру желілерін жаңғырту жоспарланған.

Бұдан бөлек, Қуандық Қажкенов 2026 жылдың қаңтарынан бастап құрылыс кезеңдерінің барлық қызметін «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіретін Бірыңғай портал іске қосылатынын хабарлады. Әрбір нысанның жобалау кезеңінен бастап утилизацияға дейінгі деректердің ашықтығын қамтамасыз ететін Бірегей нөмір (БН) енгізіледі.

#Инфрақұрылымдық даму #Президенттің тапсырмасы #Цифрландыру #Құрылыс

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу