06 Ақпан 2017, 03:02
2017 жылғы 30 қаңтар мен 4 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары
Бұл аптада Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің мемлекеттік және саяси қайраткерлерінен, соның ішінде Үкіметтің бірқатар мүшелерінен, облыстар мен Алматы қ. әкімдерінен ант қабылдады.
30 қаңтарда республикалық телеарналар эфирінде Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы бойынша арнайы мәлімдеме жасады.
31 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қойылған міндеттерді орындау мәселелері бойынша Үкімет отырысы өтті. Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне қысқа мерзімде оны іске асырудың нақты мерзімдерін және тетіктерін белгілеумен сәйкес Іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
3 ақпанда Үкімет үйінде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Үкімет мүшелері Мемлекет басшысына еліміздің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен ағымдағы жылға алдағы жоспарлар туралы баяндады. Отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев, Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Б. Сұлтанов, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, сондай-ақ бірқатар облыс әкімдері есептік баяндамаларын оқыды.
4 ақпанда Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезектен тыс отырысы өтті. Ағымдағы жылғы 3 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселесі талқыланды. Премьер-Министр алға қойылған міндеттерді жедел орындауға Үкіметтің негізгі бағыттарын анықтады және мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Осы күні еліміздің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша Үкімет мүшелерінің баспасөз конференциясы өтті. Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова, қаржы министрі Б. Сұлтанов, сондай-ақ ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов журналистердің сауалдарына жауап берді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында Премьер-Министр жекешелендіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ нысандарын бәсекелі ортаға беру бойынша жұмысты жандандыру сөз болды.
Бейсенбіде Б. Сағынтаев ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша Үкімет мүшелерімен жұмыс кеңесін өткізді.
Бұдан өзге, осы аптада Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың төрағалығымен халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Сол күні Үкімет басшысы «Балқаш ЖЭС» жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сенбіде Б. Сағынтаев ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру бойынша Үкімет мүшелерінің жұмыс кеңесін өткізді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу