22 Мамыр 2017, 12:15
2017 жылғы 15-20 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары
Осы аптада Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барып қайтты. Сапардың басты мақсаты ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру мен оларды іске асыру мәселелері болды.
Сейсенбі күні, 16 мамырда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында 2017 жылдың 4 айындағы экономикалық өсу қарқыны, ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның іске асырылу барысы қаралды.
Сондай-ақ, сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Эстонияның Электронды басқару академиясының директоры Ивар Талломен және Грузияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі З. Абашидземен кездесу өткізді.
Сәрсенбі күні, 17 мамырда Б. Сағынтаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қызметіне қатысты және еліміздегі кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру мәселелері жөнінде кеңестер өткізді.
Бейсенбі күні, 18 мамырда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру жөнінде кеңес өткізді.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен 18 мамырда өткен Экономика мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің кезекті отырысы барысында салық саясаты мәселелері, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі аспектілері бойынша сарапшылардың ұсыныстары талқыланды.
Жұма күні, 19 мамырда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев ЭКСПО-2017 нысандарының Халықаралық көрмені өткізуге әзірлігін тексерді.
ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесінің отырысында шетел инвесторларының Қазақстандағы бизнес үдерістерді қайта реттеуге қатысу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, 19 мамырда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Отырыс барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ұлттық экономика, инвестициялар және даму министрліктерінің ҚР Үкіметінің өнімді жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті, білім беру жүйесін дамыту, инвестициялар тарту мен сауда саласын жаңғыртудағы жұмыстар жүйесін атқару бойынша іс-әрекеттері талқыланды.
Сенбі күні, 20 мамырда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Астана нысандарын аралап, елорда инфрақұрылымының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге әзірлігін тексерді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу