Ұлт жоспарындағы құрылыс саласының реформалары Қазақстанға Doing Business рейтингісінде жоғарылауға мүмкіндік берді

Қазақстан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында құрылыс саласында жүргізілген реформалардың арқасында Doing Business 2017 рейтингісіндегі орнын жақсартты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифинг барысында ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев хабарлады.

А. Айдарбаев Ұлт жоспарын іске асыру аясында «бір терезе» қағидасы мен құрылыстың рұқсат құжаттарын алудың үш сатылы қағидасы енгізілгенін мәлімдеді. Құжаттарды алу мен эскиздік жобаларды бекіту мерзімдері – 40-60 күннен 17-6 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Құрылыс салуға рұқсат беру электрондық түрде хабарлама беруге алмастырылды.

«2020 жылға қарай жобалық-сметалық құжаттаманың 90%-ға дейін сараптамасын жеке нарық жүргізетін болады. Бүгінде бұл көрсеткіш 60%-ды құрайды», - деді А. Айдарбаев.

Бұдан өзге, оның айтуынша, Еурокодтарға арналған жаңа нормативтік база енгізілді және 2019 жылдың соңына дейін осы жүйеге толықтай ауысу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін жалпы құрылыстық мәселелер бойынша ҚНжЕ жойылады, олардың орнына заманауи талаптарға сай жаңа нормалар мен ережелер енгізіледі.

«Құрылыс саласындағы реформалардың нәтижесінде Қазақстан Doing Business есебі бойынша 2015 жылдан бастап өз орнын 130 пунктке жақсартты, яғни 152-ден 22-орынға көтерілді», - деді А. Айдарбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу