16 Қыркүйек 2017, 10:00
Қазақстан Президенті Ташкент қаласына келді. Ел астанасының әуежайында Нұрсұлтан Назарбаевты Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Сапар аясында екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған. Мемлекеттер басшылары келіссөздер аясында өңірлік күн тәртібіндегі негізгі аспектілерді және Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасын нығайту мәселелерін талқылайды.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапары аясында Шавкат Мирзиёевпен бірге Өзбекстан халқының жалпыұлттық символы болып саналатын «Тәуелсіздік және гуманизм» монументіне гүл шоғын қойды, «Төле би кесенесі» сәулет кешінін, «Өзбекстан-Қазақстан: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі» атты өнеркәсіп көрмесін аралап көрді. Онда мемлекеттер басшылары қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, оның барысында мемлекеттер басшылары бауырлас елдердің арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңінің басталғанын мәлімдеді.
Содан кейін Мемлекет басшысы Ислам Кәрімовтің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Өзбекстанның тұңғыш Президентіне арналып Ташкенттегі «Ақсарай» резиденциясының алдына қойылған монумент 2017 жылғы 31 тамызда ашылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу