Сарыадыр көмір разрезінде «Қазақстан» тәжірибелік-эксперименттік газ-көмір химиясы кешені сынақтан өткізілді

«Халықаралық Экспо-2017 көрмесінде» ұсынылған, ғалымдарымыздың көмір химиясы саласындағы перспективалы әзірлемелері туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте көмір химиясы және технологиялар ҒЗИ директоры, ҚҰЖҒА академигі Болат Ермағамбет айтып берді.

Спикердің айтуынша, Қазақстанда өткен «Экспо-2017» халықаралық көрмесі елімізді әлемге танытып қана қойған жоқ, сондай-ақ Қазақстан ғылымының да жолын ашты.

Жыл сайын Қазақстанда көмір өндіру көлемі 100 млн-нан астам тоннаны құрайды, алайда тек 5-7% ғана  — металлургия саласында кокс, жартылай кокс, газ және электр энергиясын алу үшін өңделеді. Келешекте көмірді 10 млн тоннаға дейін химиялық өңдеуге жіберіп, одан тек мотор отынын ғана алып қоймай, жоғары қосылған құнымен өте бағалы өнмдерді де шығарған жөн, деп есептейді ғалым.

Көмірді газдандыру процесінің артықшылығы — атмосфераға ешқандай да жағымсыз әсерінің болмауында, сонымен қатар оны жаққаннан кейін қалдығынан сирек әрі сирек жер металдар және өзге де құнды компоненттер алуға болады.

Көмір — бірегей отындық әрі энергетикалық шикізат, дегенмен одан да мотор отыны, полиэтилен, полипропилен, этилацетат, сірке қышқылы секілді көптеген пайдалы өнімдер мен 300-ден астам қажетті химиялық заттардың түрлерін алуға болады. Көмірдің қатты болуына қарамастан, одан алмаз, гауһар алуға болады. Сондай-ақ, көмірден синтетикалық газ өңдеу нәтижесінде құрым, көміртекті нанотүтікшелер мен көміртекті наноталшық алуға болады. Металға 1 грамм наноұнтақ қосқан кезде, оның қаттылығын 100 есеге арттыруға болады. Көмірден кокстік пек те алынады.

«Елімізде көмірді өңдейтін ғылыми-өндірістік және кадрлық әлеует бар. Мәселен, көмір химиясы және технологиялар ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары үш жыл ішінде өздерінің әзірлемелері негізінде Сарыадыр көмір разрезінде «Қазақстан» тәжірибелік-эксперименттік газ-көмір химиясы кешенін құрды. Кешен көмір өнімдерін шығаратын жаңа технологияларды апробациялауға арналған.

Технологияны отандық ғалымдар әзірлеп шығарған және ҚР бірнеше патентімен және Еуразиялық патентпен қорғалған. Шағын зауыттың химиялық аппараттары мен жабдықтары қазақстандық «ПАМЖЗ» АҚ зауытында шығарылған және сапа сертификатына ие. Монтаждау, іске қосу және жөндеу жұмыстарын да қазақстандық кәсіпорындар жүргізеді. Бұл біздің отандық ғалымдар мен мамандардың жоғарғы кәсібилігін, сонымен қатар бизнес қызығушылығының жоғары екенін растайды», — деді Б. Ермағамбет.

Келешекте мұнда екі-үш жыл ішінде инвестициялардың көмегімен органикалық тыңайтқыштар мен нанокомпозиттік материалдар алу үшін 2 млн-ға дейін тонна көмір өңдеу көзделген.

Көмір химиясын одан әрі дамыту үшін ҒЗИ ғалымдары көмір химиясы бойынша мақсатты республикалық ғылыми-техникалық бағдарламаны әзірлеуді, сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидасы бойынша Сарыадыр көмір разрезіндегі «Көмір химиясы және технологиялар» ЖШС-нің «Қазақстан» газ-көмір химиясы кешенінің базасында мемлекетті, бизнесті және ғылымды жақындастыратын өнеркәсіптік консорциум құруды ұсынды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу