2017 жылы қайта өңделген және кәдеге жаратылған қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі үш есеге ұлғайтылды

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев қоршаған ортаны қорғау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 

Қанат Бозымбаев атап өткендей, 2017 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарының қоршаған ортаға шығарылымдары 2,3 млн тоннаны, төгінділері — 1,1 млн тоннаны құрады. Қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату үлесі 30,9%-ды (2016 жылы — 26,8%) құрады.

«Қайта өңделген және кәдеге жаратылған қатты тұрмыстық қалдықтардың үлесі 9% құрады. Мұнда жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. 2016 жылы бұл үлес 2,6% құрады. Бұл үш есе көп деген сөз», — деді энергетика министрі.

Ел халқының 69%-ы шығындарды жинау және шығару қызметтерімен қамтамасыз етілген (2016 жылы — 64%). Экологиялық талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес келетін полигондардың үлесі 16% құрайды.

«Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы төмендегі мақсатты көрсеткіштерді белгіледі: 2020 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеудің үлесін 40%-ға дейін және 2050 жылға дейін 50%-ға арттыру. 2030 ж. тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жөнінен 100% халықты қамтамасыз ету; 2030 жылға қарай  95% тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны экологиялық талаптарға және санитарлық ережелерге сай болуы керек.

Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев министрлік Экологиялық кодекстің жаңа нұсқасын әзірлеуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл шара экологиялық заңнаманы ЭЫДҰ стандарттарына сай болуды, «жасыл» технологияларды енгізуді ынталандыруға мүмкіндік береді.

«2018 жылы Кодекс әзірлеуге біз үкіметтік емес ұйымдар, экологтар, қоғамдық және халықаралық сарапшыларды, жалпы барлық мүдделі қатысушыларды шақырамыз. 2018 жылдың желтоқсанына дейін Үкіметке жаңа Экологиялық кодексті таныстыруды жоспарлап отырмыз. Кодекстің жобасын 2019 жылдың желтоқсан айында Парламентке ұсыну көзделген», — деді Қанат Бозымбаев.

Бұдан бөлек, биыл әкімдіктермен бірлесіп шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда:

  • жеке инвестицияларды тарту арқылы қалдықтарды бөлек жинауды, сұрыптауды және өңдеуді енгізу, көмілген қалдықтардың көлемін азайту;
  • халықты қоқыс шығарумен қамтамасыз ету;
  • полигондар мен қоқыстардың санын оңтайландыру;
  • қалдықтарды бөлектеп жинау бойынша халыққа ақпараттық жұмыс жүргізу.​​

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу