Президенттің БАӘ-ге жасаған сапары нәтижесінде Қазақстанның мұнай-газ химиясына ірі ТҰК инвестициялары тартылды — М. Мырзағалиев

Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, инвестицияларды тарту жұмыстары жөнінде айта отырып, мәлімдеді.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының 24.03.2018 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары аясында мұнай және газ химиясы бойынша Borealis компаниясымен екі маңызды құжатқа қол қойылды.

Бірінші құжат — Атырау облысындағы «Полиэтилен» жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы келісім (TermSheet), ол мемлекеттік қолдау шараларының пакетін бекітеді және жобалау сатысына көшуді қарастырады (техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу).

Екінші құжат — «Полипропилен» жобасын бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру туралы меморандум.

«Borealis компаниясымен келіссөздер жүргізу барысында біз «Полипропилен» жобасына да олардың қызығушылығын оята алдық. Қол қойылған Меморандум шеңберінде, Borealis жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы шешім қабылдау үшін жобаға техникалық-экономикалық талдау жүргізеді», — деді энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Жоба құны — $2,6 млрд, қуаттылығы — жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды.

Қазіргі таңда жобаны «Біріккен химиялық компания» ЖШС іске асыруда, атап айтқанда, EPC мердігері анықталып, займдық қаржы тартылып, құрылыс жұмыстары басталған. Құрылыстың аяқталу мерзімі — 2021 жыл.

Аталған жобалардың еліміз үшін маңыздылығы туралы айта отырып, энергетика вице-министрі мұнай-газ химиясы өнімдерін шығаратын базалық өндіріс орындары маңынан шағын және орта кәсіпорындар ашылады. Олар халық тұтынатын өнімдерді шығаратын болады. Бұл — ыдыс-аяқ, ойыншықтар, маталар, тұрмыстық техника, пластик терезелер, құбырлар және т.б.

«Осылайша, Қазақстанда келешекте еліміздің барлық мұнай-газ саласының көшбасшысына айналуы ықтимал мұнай-газ химиясы өнеркәсібін құруға жол ашылды деп айтуға болады», — деп түйіндеді Мағзұм Мырзағалиев.

Анықтама: Borealis компаниясы — әлемдегі ең ірі 4 полиэтилен өндіруші компаниялардың, сондай-ақ, ең жоғары технологиялық және жоғары маржиналды компаниялардың бірі. Borealis компаниясының акционерлері — Mubadala (БАӘ) инвестиция холдингі – 64% және Орталық Еуропадағы ең ірі мұнай компаниясы OMV (Австрия) – 36%. Borealis-тің Финляндияда, Австрияда, Бельгияда, Францияда, Германияда, Швецияда, БАӘ зауыттары бар. Ол Borstar жеке технологиясының лицензиары.

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу