С. Тұяқбаев: Қазақстандық жобаларға шетел инвесторларының жоғары қызығушылығы — Президент сапарларының нәтижесі

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев 2018 жылы шетелдік инвестицияларды тарту бойынша аралық қорытындылар туралы айтып берді .

Kazakh Invest қолдауымен шетелдік инвесторлармен бірлесіп 2018 жылы құны $7,1 млрд сомасына 13,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашумен, 67 жоба құрылысын бастау көзделген. 
Осылайша, І тоқсан қорытындысы бойынша 6 жоба іске асырылды, 12 жобаның құрылысы басталды, 58 жобаны іске қосу жоспарда бар.

«Kazakh Invest тек шетелдік инвесторларға ғана көмек көрсетіп қоймай, сондай-ақ, қазақстандық инвесторлардың бастамаларын да қолдайтынын атап өту керек. Оларға әртүрлі көмек көрсетіледі. Жол карталары әзірленген. Жалпы, Kazakh Invest бақылауында 180 жоба бар», — деді Сапарбек Тұяқбаев.

Kazakh Invest төрағасы шетелдік инвесторлардың қазақстандық жобаларға қызығушылығының жоғары екенін атап өтті.

«Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс сапарлары барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесі», — деді С. Тұяқбаев.

Қазіргі таңда Kazakh Invest Deloitte-пен атқарылған 50-ге жуық жобаға инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Олар бойынша дайын бизнес–жоспарлар, маркетингтік зерттеулер бар және іске асыру шарттары анықталған. 

«Бұл бағытта қазірдің өзінде белгілі-бір жетістіктер бар. Бүгінде БАӘ-нің, Түркияның әлеуетті шетелдік инвесторлары кейбір жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр», — деді Сапарбек Тұяқбаев баспасөз конференциясы барысында.

Бұдан өзге, Kazakh Invest осы жылы отандық және халықаралық компаниялармен бірлесе отырып тағы 50-60 жобаны дайындауды жоспарлап отыр. Негізінен бұлар мұнай-газ, химия, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, металлургия, машина жасау саласындағы жобалар болады. Аталған жобалардың ерекшелігі — олар құрғақ статистика негізінде емес, жеке кәсіпкерлермен бірге дайындалатын болады.

«Kazakh Invest» ҰК-ның ресми өкілдіктері бес елде өз қызметін бастады. Ағымдағы жылдың мамыр айында тағы үш елде өкілдіктер ашу көзделген. Сондай-ақ, басқа елдердегі Қазақстан Республикасының елшіліктерімен тығыз жұмыс жүргізілуде.

Қазақстанға ТҰК тарту мәселесі бойынша журналистердің сұрақтарына жауап берген Сапарбек Тұяқбаев бүгінгі таңда ТҰК-пен жұмыс жасау жүйеленгенін атап өтті.

«Біз бұл жұмысқа жаңа тәсіл қолдануды жоспарлап отырмыз. ТҰК тарту — бұл тек таныстырылым мен құрғақ келіссөздер емес. Ол үшін алдымен дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Бізге нақты жобалар, сондай-ақ әлеуетті жергілікті серіктестер қажет. Ықтимал қаржы құралдарын ұсынуымыз керек. Тек осы келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстанға ТҰК келеді. Аталған жұмысты жүйеге келтірдік. Алдымызда жыл соңына дейін 10 ТҰК тарту міндеті тұр. Бұл бағытта біз қазір жұмыс істеп жатырмыз», — деді компания басшысы.

 

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу