20 Сәуір 2018, 07:50
Өткен жылы кәсіпкерлікті шағын несиелендіруге бөлінген қаражат есебінен 7200 жоба қаржыландырылды, биыл осы көрсеткішті 14 мың жобаға жеткізу көзделген. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Шыңғыс Ахметов мәлім етті.
Өз ісін ашып жүргізуге ниетті жандар несиені қалаларда банктер арқылы ала алатын болса, ауылдық жерлерде ол үш ұйым арқылы: шағын қаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы іске асады.
«Осы қор арқылы қаражат тікелей жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға берілетін болады», — деді Ш. Ахметов.
Еске салайық, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының төртінші қадамын іске асыру үшін қосымша 20 млрд теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасы 62 млрд теңгеге жеткізілетін болды.
«Биыл «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік дамыту» бағдарламасын шағын жобаларға бағыттауды көздеп отырмыз. Мақсат – бизнес ашуға мүмкіндік беру», — деп нақтылады ол.
Ш. Ахметовтің айтуынша, бизнесті дамыту бойынша бағдарламаның екі әкімшісі бар. Қалаларда бұл бағдарламаны Ұлттық экономика министрлігі қадағалайды, ал ауылдық жерлер мен шағын қалаларда ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына берілген.
«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру тәжірибесінің негізінде Астана, Алматы, Атырау, Ақтау сияқты қалаларда берілетін несие мөлшері биыл 8 мың АЕК, яғни 19 млн теңгеге дейін болмақ. Ал басқа қалалар мен моноқалаларда ең жоғарғы шегі – 15 млн теңгеге дейін. Шағын қалалар мен ауылдық жерлерде 4 мың АЕК дейін, яғни 8 млн теңгеге дейін шектеулер бар», — деп нақтылады министрлік өкілі.
Берілетін қаражаттың пайыздық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспауы тиіс. Биыл бағдарламаға енгізілетін түзетулерге сәйкес, бұл несие стартап жобаларды қолға алған және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатындағы бизнеспен 3 жылға дейінгі уақыттан бері айналысып жүрген азаматтарға ғана беріледі.
«Қазір нарықтағы коммерциялық ұйымдар беретін, мөлшерлемесі 25-30 пайызға дейін жететін несиемен салыстырғанда, мемлекет тарапынан берілетін несиенің мөлшерлемесі 6 пайыз ғана, бұл – өте жақсы ұсыныс», — деді Ш. Ахметов.
Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы өткен жылы қолға алынған. Нәтижесінде 7200 жоба қаржыландырылған, биыл осы көрсеткіш 14 мың жобаға дейін жеткізілмек.
Сонымен қатар, Ш. Ахметов несие алушылардың қазіргі таңдағы басты проблемасы — кепілдікке қоятын жеке мүлкінің болмауы екенін айтты. Осы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан арнайы кепілдендіру жолға қойылады.
«Әсіресе, ауылдық жерлердегі тұрғындарға басымдық беріледі. Несие алушы алатын қаражат көлемінің 85 пайызына дейін мемлекет кепілдік беретін болады. Онымен қалаларда – «Даму» қоры, ауылдарда – «ҚазАгроКепіл» акционерлік қоғамы айналысады», — деді ол.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу