Б. Сағынтаев Жезқазған мыс қорыту зауытын реконструкциялау жұмысымен танысты: өндіріс көлемі екі есеге артады

Бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «КаzakhmysSmelting» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытында болды, онда екінші кен қыздыру пешін реконструкциялау барысымен танысты.

Тау-кен металлургия саласын дамыту — Мемлекет басшысының Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру аясында қойған басым міндеттерінің бірі.

Бақытжан Сағынтаев нысанда катодты мыс өндірісінің технологиялық үдерісін, айналмалы құю машинасы мен анодты мыс құю жұмысын тексерді. Жезқазған мыс қорыту зауыты іске қосылған кезден бері жер қойнауынан 1 млрд тоннадан астам кен өндірілді. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 30,7 мың тонна тазартылған мыс өндірілді.

Кәсіпорынның бас директоры Ә. Бәрменқұлов дайын өнімдер қоймасын көрсетіп, Жезқазған мыс қорыту зауытын технологиялық жаңғырту жоспарларымен таныстырды.

Жезқазған мыс қорыту зауытының қуаттылығы жаңа күкірт қышқылды цех құрылысы аяқталған соң, екі кен қыздыру балқыту пештерінің (КҚП) жұмысы есебінен ұлғайтылады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2009 жылы қолжетімді шикізат көлемінің азаюына байланысты зауыт бір КҚП жұмыс режиміне көшіп, екінші балқыту агрегатының жұмысы тоқтатылған еді. Ақтоғай және Бозшакөл кен байыту фабрикаларының жоспарлы іске қосылуы аясында құрамында мыс бар шикізат көлемінің ұлғаюына байланысты екінші КҚП іске қосу туралы шешім қабылданды.

Ә. Бәрменқұловтың айтуынша, зауыт өз қуаттылығын жартылай пайдаланып жұмыс істеу арқылы жылына 100 мың тонна мыс өндірген. Екінші пештің іске қосылуымен өнім көлемі екі есеге артады. Бұл мыс өндірісінің әлемдік нарығындағы компанияның бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға жол ашады. 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік бюджетке салынатын аударымдар жүздеген миллион теңгеге өседі.

 

Анықтама: «KazakhmysSmelting» зауыты — Қазақстандағы ең ірі мыс өндірушілерінің және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – әлемдегі жетекші он мыс өндірушілерінің құрамына кіреді. Зауыт 99,99% мысы бар және әлемдік талаптарға сәйкес келетін катодты мыс өндірумен айналысады. Сондай-ақ, ілеспелі өнімдер: мыстың күкірт қышқылды түзуі, мыс электролиттік шламындағы алтын мен күміс, күкірт қышқылы, қорғасын құрамды тозаң шығарылады. Қазіргі таңда кәсіпорында мың жарымнан астам адам жұмыс істейді.

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу