30 Мамыр 2018, 06:19
Қаңтар–сәуір айларында атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы PrimeMinister.kz материалынан оқыңыздар.
Қазақстанда қабылданған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы нарықта сұранысқа ие мамандықтарды алудың тиімді жүйесін, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға, соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге бағытталған. Биыл Президент «Бес әлеуметтік бастама» халыққа үндеуінде азаматтардың жеке ісін бастауына мүмкіндік жасаудың маңыздылығына баса назар аударды.
Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2016 жылдың соңында әзірленді. 2018 жылы нақтыланған бюджетті ескере отырып, оны іске асыруға 106,9 млрд теңге қарастырылған.
1 мамырдағы жағдай бойынша Бағдарлама қатысушыларына 160 500 адам кірді, олардың 95 900 жұмыссыз (59,7%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 10 800 адам (6,7%).
Жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізілуде.
Бірінші бағыт: «Техникалық және кәсіптік біліммен (ТжКББ) және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету».
Аталған бағыт аясында өткен жылдан бері ТжКББ бойынша 20 776 адам оқуды жалғастырып жатыр. Бағдарлама қатысушылары стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен және жол жүру ақысымен қамтамасыз етілген.
Осы жылдың төрт айында жоспарлы көрсеткіштің — 37 249 адамынан 16 896 адам еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберілген.
Екінші бағыт: «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту».
Бұл бағыт аясында алғашқы төрт айда 290 шағын несие берілген: олардың 62-сі ауыл тұрғындары арасында, 228-і қала халқы арасында бөлінген. Барлығы 98 адам стартап-жобалар құрып, жеке бизнестерін ашып, кәсіпкер атанды.
Сондай-ақ, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында алғаш рет өз бизнесін бастап жатқан азаматтар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Биыл 7347 қатысушы оқуға жіберілді.
Үшінші бағыт: «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту».
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бос жұмыс орындарына 71 325 адам жұмысқа орналастырылды. 14 564 азаматқа әлеуметтік жұмыс орындары берілді, бұл жоспардың 86,6%-ін орындауға мүмкіндік берді (мақсатты көрсеткіш — 16 806). Бұл санаттағы ең көбі — Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейтін 4 324 адам.
Тағы 10 405 адам немесе жоспарланған санның 51,4% жастар практикасына бағытталған.
Бұдан өзге, биыл Қазақстанда 1706 қоныс аударушы отбасыға және 622 оралмандар отбасына жұмыс күші мол аймақтардан (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан) жұмыс күші аз өңірлерге (Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына) көшу үшін квота қарастырылған.
Есепті кезеңде 206 отбасы немесе 820 адам көшірілген. Олардың ішінде еңбекке жарамды жастағылары — 394 адам, олардың 147-сі жұмысқа орналасқан.
Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамалары әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуды көздейтіні белгілі. Төртінші бастама ауылдық жерлерде және қалаларда шағын несие беруді кеңейтуге бағытталған. Ол кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын құруға, аз қамтылған халық санатының табысын өсіруге, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты ресмилендіруге қатысты кешенді міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Шағын несие беруді дамыту бүгінде 2017–2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ең тиімді тетігі болып табылады.
2018 жылы бекітілген бюджетте шағын несие беру бағдарламасына 42 млрд теңге, оның ішінде ауылдық жерлерге — 31 млрд теңге және қалалар мен моноқалалар үшін — 11 млрд теңге қарастырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаржыландыру 20 млрд теңгеге ұлғайып, биыл 62 млрд теңгені құрайды. Соның нәтижесінде шағын несиемен қамтудың жалпы көлемі 14 000 адамнан асады, бұл 2017 жылғы деңгейден екі есе көп.
Жұмыс Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бес әлеуметтік бастаманың төртінші бағытын тиімді іске асыру үшін Бағдарламаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, атап айтқанда:
Анықтама: Ауылдық жерлерде шағын несие беру бағдарламасының әкімшілері Ауыл шаруашылығы министрлігі, қалалар мен моноқалаларда — Ұлттық экономика министрлігі.
Шағын несие беруді кеңейту бойынша қабылданған шаралармен қатар әлеуметтік қызметтердің және жұмыспен қамтудың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған еңбек және әлеуметтік салаларды цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында үш ірі жоба іске қосылуда.
Біріншісі — Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту. Бүгінгі күні жүйе еңбек, жұмыспен қамту, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік қолдау, арнайы әлеуметтік қызметтер және көші-қон секілді ведомство қызметінің барлық бағыттары бойынша 11 ақпараттық шағын жүйелерді қамтиды.
Бұл жүйе туғаннан бастап өмір бойы 15 млн-нан астам қазақстандықтың дербес есебін жүргізеді және өмірдің барлық кезеңдерінде автоматтандырылған қызметтерді көрсетеді. Министрліктің 34 қызметінің 17-сі автоматтандырылды, бала тууға байланысты 2 қызмет проактивті көрсетіледі, 3 қызмет ішінара автоматтандырылған, 7 қызметті тағайындау бойынша ақпаратты электрондық түрде алуға болады.
Жаңғырту келесі бағыттар бойынша жүргізіледі: зейнетақымен қамсыздандыру; мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қызмет сапасын арттыру; «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау; жұмысынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қолжетімділігін арттыру.
Екінші жоба — Электронды еңбек биржасы. Азаматтарды жұмысқа орналастыру процесі электрондық форматқа көшіріліп, жұмыс іздеушілер мен вакансиялардың ірі базасы қалыптасқан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша қазіргі кезде Биржаға жұмысқа орналастыру бойынша 45 жеке агенттік пен 5 интернет-алаң қосылған. Ай сайын Электронды биржаға шамамен 141 мың адам кіреді, жыл басынан бері кіру саны айына 2,7 есеге өсті және 3 млн-нан асты.
Сонымен қатар, Биржаның функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жалғастырылуда. Біріншіден, кәсіптік бағдарлау сервисі ашылып, онда жұмысқа орналасу бойынша ұсыныстар беріледі. Екіншіден, Электронды биржа Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қысқа мерзімді оқыту алаңына айналады. Үшіншіден, Android базасында Биржаның мобильді нұсқасы әзірленді, ал алдағы уақытта оның IOS платформасындағы нұсқасы әзірленетін болады. Биылғы 1 шілдеден бастап пайдаланушыларға әрі қарай мобильді үкіметке (MGOV) қосылуға болатын мобильді нұсқасына толыққанды қосылуға мүмкіндік беріледі.
Үшінші үлкен жоба — электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесін енгізу. Жұмыскерлер үшін бұл, бірінші кезекте, жұмысқа орналасу процесін жеңілдетуді білдіреді: құжаттарды жинау қажет емес, жұмыс іздеушінің жеке ісі автоматты түрде қалыптастырылатын болады.
Электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға 2019 жылы берілетін болады.
Осылайша, қабылданып жатқан шаралар елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуге, яғни мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру есебінен азаматтар мен мемлекеттің шығындарын 600 млн теңгеге дейін қысқартуға, электрондық кадрлық іс қағаздарын жүргізуді енгізу есебінен бизнестің жыл сайынғы шығындарын 1 млрд теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу