2030 жылға дейін Алматы агломерациясын дамытудың ұзақмерзімді жоспарының жобасы әзірленді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Алматы агломерациясын іске асыру барысы туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р. Скляр, Алматы қаласының әкімі Б. Байбек және Алматы облысы әкімінің орынбасары Л. Тұрлашов баяндады.

Алматы агломерациясын Қазақстанның әлемдік деңгейдегі негізгі қаласы бар ұзақмерзімді өсу полюсі ретінде қалыптастыру мақсатында Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі іс-шаралардың 2020 жылға дейінгі өңіралалық жоспары қабылданды. Үш негізгі міндеттер бойынша 67 іс-шараны іске асыру көзделген.

Жоспарды іске асыру барысы туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов баяндады.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтері бойынша, агломерация аумағы — 9,4 мың ш.км (939,5 мың га) құрайды. Алматы қаласының тартылыс аймағына экономикалық, еңбек және әлеуметтік тұрғыдан тығыз байланысты Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай қалалары мен Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының елді мекендері кіреді. Агломерация халқының саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 2,9 млн адамды, оның ішінде Алматы қаласында — 1,8 млн адамды құрайды. Алматы қаласы халқының тығыздығы 1 ш. км. 2,6 мың адамды құрайды. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ-дегі қаланың ЖӨӨ үлесі шамамен 22% құрайды.

Біріншісі. Алматы агломерациясын аумақтық және институционалдық дамыту. Қала құрылысын жоспарлау құжаты — Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленіп, бекітілді. Жалпы бірінші міндеттің жоспарланған жеті іс-шарасының ішінде алты іс-шара орындалды, бір шара орындалу сатысында.

Екіншісі. Республикалық және өңірлік нарықтарда Алматы агломерациясын экономикалық орнықтыру. Алматы қаласының Алатау ауданында инновациялық және экологиялық таза өндіріске басымдықпен индустриалдық аймақ құрылды. «Ақпараттық технологиялар паркі» АЭА басқарудың жаңа моделі дербес кластерлік қор негізінде енгізілді.

«Қызмет көрсету саласын дамыту, соның ішінде экологиялық туризмді жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, «Шарын», «Алтын Емел», «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерін және «Алма-Арасан», «Алматы», «Қазақстан» өңірлік шипажайларын және т.б. дамыту және танымал ету жөніндегі іс-шараларды іске асыру», — деп атап өтті Т. Сүлейменов.

Жалпы алғанда екінші міндеттің жоспарланған 20 іс-шарасының 19-ы орындалды, 1 шара — Smart Сity тұжырымдамасын іске асыру міндеті орындалу сатысында.

Үшіншісі. Негізгі қала Алматыны, оның қала маңы аймағын және тартылыс аймағын инфрақұрылымдық үйлестіріп дамыту. «Сайран» және «Мәскеу» метро станцияларының құрылысы аяқталды, қазіргі кезде «Сарыарқа» және «Достық» екі метро станциясының құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы үшінші міндеттің жоспарланған 40 іс-шарасының 36-сы орындалды, орындау сатысында 4 шара қалды.

Сондай-ақ, ҚР ИДМ Алматы агломерациясын дамытудың 2030 жылға дейінгі жобасын әзірледі. Жобаны бекіту мерзімі — 2018 ж. 1 шілде. 

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Алматы агломерациясын қалыптастырудың 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарының жобасы әзірленді, онда 150-ден астам іс-шараларды қарастырылған», — деді инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр.

Алматы агломерациясы аумағында өндірістік және логистикалық шағын аймақтар құрылады, олар Алматы қаласынан шығарылатын өнеркәсіптік және қойма кәсіпорындарының қайта орналасуына арналған. Соңғы бес жыл ішінде агломерацияның шеткі аймақтарына 31 өнеркәсіптік кәсіпорын шығарылған. Сонымен қатар Алматы қаласындағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды индустриялық аймақтарға шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Инновациялық технологиялар мен өнеркәсіптік аймақтар паркін орналастыруға арналған перспективалы территориялардың аумағы — 3482 га.

«Алатау ауданындағы индустриялық аймақ 500 га аумақ болатын территорияға орналастырылған, оның ішінде 390 га құрылыс материалдарын, жиһаз бен машина жасау өнімдерін өндіретін кәсіпорындарды, сонымен қатар тамақ, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіптерді орналастыруға бөлінген. Индустриялық аймақта алты өнеркәсіптік аймақ бар: машина жасау, азық-түлік, фармацевтика, химия, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп», — деді Р. Скляр.

Алатау ауданында индустриялық аймақтан басқа, келесі индустриялық аймақтар одан әрі дамытылатын болады: Арна, Боралдай, Қайрат. Р. Склярдің айтуынша, кенттену процесінің дамуына «Алматының бір конгломерат қалаға біріктірілген төрт серіктес қаласын салу — төрт шағын қала салу (жұмыс атаулары GateCity (“Қақпа қаласы”), GoldenCity (“Алтын қала”), GrowingCity (“Өсу қаласы”) және GreenCity (“Жасыл қала”)» жобасын іске асыру зор ықпалын тигізеді.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек осы жылдың соңына дейін жекеменшік сектордың газбен қамтамасыз етілетінін айтты, ал 2021 ж. қарай Алматы агломерациясының қала маңындағы аймағында тағы бірнеше мың жекеменшік үйлер газға қосылады. Бұдан өзге, ЖЭО-2 қазандығын газға көшіру жобасы бойынша жұмыстар басталды. Бұдан өзге, Алматы қаласының әкімдігі мультимодальді негізде қаланың қоғамдық көлігін дамытудың ұзақмерзімді сұлбасын әзірледі. Алматы қаласының және Алматы облысының 2015–2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының желісін дамытудың перспективалы жоспарлары әзірленіп, бекітілді. Сонымен қатар, Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу бойынша концессиялық жобаның ТЭН әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Өз баяндамасында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов тұрғын үй құрылысы мемлекеттік қолдаудың барлық шараларымен қамтамасыз етілетінін атап өтті: жер телімдері бөлініп, инженерлік инфрақұрылымдар жүргізіледі, құрылыс индустрияландырылады. ҮАААЖ (Үлкен Алматы айналм автокөлік жолы) құрылысы кезінде қосымша жұмыс орындары ашылады. Жобаны іске қосу ел экономикасының дамуына серпін береді.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп Алматы агломерациясын дамыту бойынша іс-шараларды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Алматы агломерациясы бәсекелі экономикасы, жоғары сапалы өмір сүру және қоршаған ортасы бар көпфункционалды аймақ ретінде дамуы, аймақтың территориялық-кеңістіктік дамуын, халықтың тығыздығын, көші-қонды жоспарлау бойынша қала мен облыс әкімдіктері арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін шешуі тиіс», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу