Келесі жылы барлық медициналық ұйымдар толық цифрландырылады — О. Әбішев 

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздегі медициналық мекемелердің барлығы толықтай цифрлық жүйеге көшіріледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысы туралы өткен брифингте ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев айтты.

Қазіргі кезде елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламада қамтылған он бағыттың бірі — денсаулық саласын цифрландыру.

Сондай-ақ осы жылдың басынан бастап Елбасы Жолдауына сәйкес «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған. Оның аясында келесі төрт бағытты қамтитын жоба іске асырылып жатыр:

  1. интеграция платформасын құру,
  2. медициналық ақпараттық жүйелерді дамыту,
  3. мобильді денсаулық сақтау қосымшаларын іске асыру,
  4. жасанды зерде немесе машиналық оқыту жобаларын іске асыру. 

«Бізде қазір емхана саласындағы медициналық мекемелер бар, стационарлық деңгейдегі мекемелер бар, психдиспансерлер, наркодиспанерлер бар. Сол барлық медициналық ұйымдармен келісімшартқа қол қойылған. Яғни, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған медициналық мекемелердің барлығы өздерінің қызметтерін толық цифрлық экожүйеге көшіруі тиіс», — деді О. Әбішев.

Оның айтуынша, цифрландырудың мақсаты — медицинаға жүгінген адам мен дәрігердің ортасындағы жүзбе-жүз байланысты қажет етпейтін клиникалық-диагностикалық қызметтер, анықтамалар алу т.с.с. барлығын толығымен цифрлық кеңістікке көшіру.

«Сол арқылы сыбайлас жемқорлық, құжаттарды қолдан жасау сияқты заңсыздықтарға жол бермеу», — деп нақтылады вице-министр.

Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі басқа да министрліктермен бірлесіп мемлекеттік композиттік қызметтерді құру бойынша шараларды жүргізіп жатыр. Яғни, осы қызметтердің барлығын оңтайландырып, құжаттардың қолдан жасалуын болдырмау мақсатында оларды цифрлық ету үшін, құжаттар түпнұсқасының болуы мәселесі көтерілген. Әрі адам мемлекеттік орган өкілімен тікелей байланысқа түспеуі, тек цифрлық экожүйе арқылы байланысуы тиіс.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу