Б. Сағынтаев Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің республикалық қоғамының төрағасы Б. Әмірмен кездесті

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің республикалық қоғамының төрағасы Батыр Әмірмен кездесті.

Кеңес барысында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамту мәселелері және әлеуметтік төлемдер бойынша ұсынылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.

Премьер-Министр елімізде жастарды қолдауға бағытталған қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 137 мекеме жұмыс істейді. Соңғы бес жылда балалар үйлерінің саны 51 бірлікке азайып, тәрбиеленушілер саны шамамен екі есеге азайды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан балаларды отбасылық жайластырудың барлық түрлеріне материалдық ынталандыру (ай сайын бір балаға 10 АЕК бөлінеді), қабылдау және қонақ ретінде отбасы институттарының енгізілуі оң ықпал етуде.

Өз кезегінде, Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің республикалық қоғамының төрағасы Б. Әмір жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге кезекке тұруы кезіндегі шектеулерді жоюға, 25 жасқа дейінгі жетім балалар қатарындағы студенттерді тамақпен қамтамасыз етуге, жетім балалардың білім сапасын арттыру мақсатында олардың зияткерлік мектептерде білім алуға құқықтарын қамтамасыз етуге (тәрбиеленушілерге мектеп қабырғасында АТ саласын, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту мақсатында тегін курстарды ашу), сондай-ақ балалар үйлерінің түлектерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталған мәселелерді жеткізді.

Талқылау барысында ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиев пен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Мұқышев пікір білдірді.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға көтерілген ұсыныстарды егжей-тегжейлі пысықтап, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету мәселелерін бақылауда ұстауды тапсырды.

Жетім балаларға әлеуметтік қолдаудың мынадай түрлері қарастырылған: ЖОО-ға және колледждерге оқуға түсу кезінде мемлекеттік тапсырыс бойынша квотаның 1%-і, білім беру кезеңінде — тегін тұратын жер, тамақтану, киім-кешек, медициналық көмек, оқулықтар беру, жоғары стипендиямен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын-үй алуға бірінші кезекте құқық беру, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақымен қамту, жұмысқа орналасу үшін жұмыс орындарына квота беру.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында балалар үйлерінің 7779 тәрбиеленушісіне мемлекеттік білім беру депозиті орта есеппен 600 мың теңгеден 2,5 млн теңгеге дейін ашылған, бұл балалар үйлерінің түлектеріне ақылы түрде білім алуға, жеке істерін ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу