Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысында егін ору науқанына дайындық барысымен танысты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына келген соң «Журавлевка 1» ЖШС-нің дәнді және майлы дақылдар алқабын аралап, егін ору науқанына дайындық барысымен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Астықтың уақтылы жиналуын қамтамасыз ету қажет. Бізге ауа-райы қолайлы болып тұр. Егін ору уақытының созылуы едәуір шығын келтіретіндіктен, бұл жұмыстарды жеделдету керек», — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері мен ауыл шаруашылығы саласының перспективалары жөнінде мәлімделді.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніне озық ғылыми жетістіктерді және цифрландыру үдерісін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

«Шортанды ауданында тәжірибе ретінде алқаптардың электронды картасын енгізу, егістік жағдайына спутниктік мониторинг жасау, тұқымды ретімен егіп, тыңайтқыштарды дифференциалды түрде себу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға, сондай-ақ шығынды 20%-ға төмендете отырып, астық өнімділігін 5 центнерден асыруға мүмкіндік береді, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанда және шетелде құрастырылатын техникалардың үлгілері қойылған ауыл шаруашылығы машиналарының көрмесін аралап көрді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу