23 Тамыз 2018, 10:56
Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«Бүгінгі таңда оңтүстік, батыс және шығыс өңірлер егін орағына кірісті. Солтүстік өңірлерде бірқатар жұмыстар басталып жатыр. Дегенмен де, солтүстіктегі астықты өңірлерге жаңбыр кедергі келтіруі мүмкін. Жаңбырдың жауған деңгейін қазір әкімдер айтып отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының ылғалдылығы жоғары болады деп күтілуде.
Біздегі ауа-райының ерекшелігін ескеретін болсақ, егін жинау жұмыстарын аяқтауға уақыт аз қалды. Осыған байланысты облыстар әкімдеріне егін ору жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін қажетті ұйымдастыру жұмыстарын қабылдауды тапсырамын.
Энергетика министрлігіне егін ору науқаны барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мұнай өнімдерін өткізуде басымдық алатынын тағы бір естеріне салып өтемін.
Егін ору жұмыстарының аяғына дейін облыстардың мұнай өңдеу зауыттарына бекітілген Кестесіне сәйкес, дизель отынымен тұрақты түрде қамтамасыз етілуін бақылауға алу қажет.
Инвестициялар және даму министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортының географиясының кеңеюін ескере отырып, дихандардың жабық вагондарға деген сұраныстарын қанағаттандыру үшін іс-шараларды қабылдауды тапсырамын. Асқар Ұзақбайұлы, вагондар мәселесін сіз бақылауға алыңыз.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне егін орағының тәуліктік мониторингін ұйымдастыруды тапсырамын. Өмірзақ Естайұлы, бақылау және үйлестіру жұмыстары сізге жүктеледі», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу