Басқарылатын урбанизация және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту: Президент Жолдауының міндеттерін ескере отырып, өңірлер қалай дамиды

Бүгінде Қазақстанда өңірлердің дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы 2025 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды, онда нақты іс-шаралар, жобалар мен қаржыландыру көлемдері көрсетілуі тиіс.

Өңірлерді дамыту деңгейін арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы Рrimeminister.kz-ге берген сұхбатында ҚР ҰЭМ Өңірлік даму департаментінің директоры Дәурен Жамбайбек айтып берді.

— Міне, төртінші жыл қатарынан 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның іске асырылуының алдын-ала нәтижелері қандай?

— Өңірлерді дамыту бағдарламасы 2014 жылы бірнеше салалық бағдарламаларды: моноқалаларды дамыту, «Ақбұлақ», «Қолжетімді баспана» бағдарламаларын, ТКШ іске асыру бағдарламасын біріктіру арқылы қабылданған болатын. Кейіннен, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы «Нұрлы жер» атты жеке бағдарламаға айналдырылды.

Өңірлерді дамыту бағдарламасының негізгі нәтижелері бойынша соңғы үш жылда 2015 жыл мен 2017 жыл аралығында 1 трлн 200 млрд теңге игерілді. Оның басым бөлігін ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджеттер құрайды. Бұл қаражат белгілі бір міндеттерді шешуге бағытталды. 4 мақсатты индикатор мен 12 нәтиже көрсеткіштері бар. Олардың барлығы орындалып жатыр. Қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету үлесі бағдарлама іске асырылған жылдар ішінде 7%-ға артты. Сонымен қатар су бұру үлесі де ұлғайды. Бұдан өзге, ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үлесі өскен. Бөлінген қаражат сомасына бағдарлама барлық өңірлерде жүзеге асырылған. Моноқалалар, зәкірлі жобаларды іске асыру бойынша көрсеткіштер де бар. Осы бағдарлама аясында «Дипломмен ауылға» және басқа да жобалар іске асырылып жатыр.

Ауылдық жерлерде кадрлар әлеуетін арттыру үшін 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында 54 мыңнан астам маман 12,5 млрд теңге сомасына көтерме ақы алды, ал 23,5 мың маман 57 млрд теңге сомасында тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несиелер алды, олардың 70%-ға жуығы — жас мамандар. 2017 жылы 5 794 маманға әлеуметтік қолдау көрсетілді (2016 жылы – 5 655 маманға, 2015 жылы – 5 675 маманға, 2014 жылы – 6 495 маманға).

Бағдарлама аясында моноқалалардың экономикасын әртараптандыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар зәкірлі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Мысалы, 2017 жылы өңірлерде 7,7 мың жұмыс орнын құрумен 61 зәкірлі инвестициялық жоба іске асырылған, оның ішінде қазір 32 жоба пайдалануға берілген. 2018 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша тізім салалық облыс әкімдіктерінің ұсыныстарының негізіндегі, министрліктермен пысықталған моноқалалардағы 54 зәкірлі инвестициялық жобадан құралады. Зәкірлі жобалардың толық пайдалануға берілуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктердің тұрақты бақылауын алынған.

— Жуырда Ұлттық экономика министрлігі өңірлерді дамыту бағдарламасын мемлекеттік бағдарламаға айналдырды, оның міндеттері мен мақсатты көрсеткіштерін өзектілендірді. Қандай міндеттерге баса көңіл бөлінеді? Қандай бағыттардағы жұмыстар күшейтіледі?

— Иә, Үкіметтің тиісті тапсырмасына орай біз биыл бағдарламаны өзектілендірдік. Біз бағдарламаның бірқатар міндеттері мен бағыттарын, сондай-ақ мақсатты индикаторларын қайта қарастырдық. Мәселен, 2014 жылы ол өмір сүруді қамтамасыз ету инфрақұрылымы бойынша салалық бағдарламаларды біріктіру арқылы қабылданған болатын, өңірлердің назары біршама шоғырландырылды. Сондықтан өзектілендірілген бағдарламада біз урбанизацияға басым көңіл бөлдік.

Қазір Қазақстанда урбанизация деңгейі 57%-ды көрсетіп отыр. Ал дамыған елдерде, мысалы, ЭЫДҰ елдері немесе әлемнің дамыған үздік 30 мемлекетінде урбанизация 80-90%-ды құрайды. Мысалы, Австралия мен Канада елдерін алайық. Австралиядағы бір шаршы метрге халық тығыздығы — 3 адам, Канадада — 4, бізде — 6. Яғни, олар халық тығыздығы бойынша бізге ұқсас. Алайда, Австралияда урбанизация деңгейі 90% болса, Канадада — 82%, ал бізде — 57%. Еуропада, Солтүстік Америка мен басқа да дамыған елдерде бұл көрсеткіш — 80-90%. Қазір біз урбанизацияға көбірек көңіл бөліп отырмыз. Бұл – бірінші. Біз «функционалдық қалалық аудандар» көрсеткішін есептеп шығардық. ЭЫДҰ-да мұндай түсінік бар. Біздегі 87 қаланың 22-сінде 100 мыңнан аса адам тұрады. Бұл 22 қалада жалпы қалалық тұрғындардың 87%-ы өмір сүруде. Байқауымызша, 2030 жылға қарай халықтың көпшілігі осы қалалардың айналасындағы функционалдық аймақтарда тұратын болады. Сондықтан бұл мәселеге көбірек көңіл бөліп отырмыз.

Жалпы бағдарламаны үш бағытқа бөлдік. Бұл — функционалдық қалалық аудандарды дамыту, үлкен қалалардан шалғайда орналасқан халқы аз шағын қалалар кіретін функционалдық қалалық аудандардан алыс орналасқан аймақтарды дамыту, сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бағыттары. Соңғы бағытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуды біріктірдік.

— «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін өңірлік даму бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырған болатын. Нақтырақ айтсақ, ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін барлық қаржы көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 млрд теңге бөлу туралы міндет қойған еді. Бұл тапсырма қалай жүзеге асуда?

— Әрине, жаңартылған бағдарламада біз Елбасының тапсырмасы бойынша ауылдарды сумен жабдықтауға кемінде 100 млрд теңге бөлінуін қадағаладық. 2018 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 86 млрд, жергілікті бюджеттен 14 млрд теңге қарастырылды. Бұл уақытқа дейін мұндай қаражат бөлініп көрмеген, ауылды сумен қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 60-70% бөлінетін еді. 2018 жыл мен Парламентке түскен 2019 жылға арналған бюджет жобасында ауылды сумен жабдықтауға 100 млрд теңге қарастырылып отыр. Жылдан жылға осылай жалғаса береді.

— Бағдарламаға өзгерістер енгізіле ме әрі оны ұзарту жоспарда бар ма?

— Бұл сұраққа жауап бермес бұрын неліктен бағдарламаны өзектілендіргенімізді айта кетсем. Біріншіден, Елбасының ауылды сумен қамтамасыз ету үшін 100 млрд теңге қарастыру туралы тапсырмасы болды. Сондай-ақ, өткен жылы мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданды. Қазақстанда мемлекеттiк құжаттардың белгілі бір сатысы қарастырылған мемлекеттiк жоспарлау жүйесi бар. Осы жүйеге сәйкес, өңірлерді дамытудың үкіметтік бағдарламасына мемлекеттік мәртебесі берілді. Үшіншіден, биылғы жылдың басында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары қабылданды. Онда «Мықты аймақтар және урбанизация» деген бөлім бар. Оны осы бөлімге сәйкестендіру үшін биыл өңірлік даму бағдарламасын жаңарттық.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Елбасы 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін басқаралатын урбанизацияның жаңа картасына айналатын еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, нақты іс-шараларды жүзеге асыру үшін 2025 жылға дейін өңірлерді дамытудың прагматикалық бағдарламасын дайындау міндетін қойды. Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары қалай жүзеге асырылатыны туралы айтып берсеңіз?

— 2025 жылға дейінгі Өңірлерді дамытудың жаңа бағдарламасы аясында 2030 жылға дейінгі Елдің аумақтық-кеңістіктің дамуының болжамдық схемасын іске асыру тетіктерінің бірі ретінде басқарылатын урбанизацияны қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша міндеттер қою ұйғарылып отыр.

Қазіргі кезде адамдардың экономикалық белсенділігі жоғары, таланттылар, инновациялар, бизнес бар ірі қалаларға көптеп келуі байқалады. Елдің өңірлік саясатының болжамы урбанизация мен қалалық ортаны дамытуға баса көңіл бөлуге үндейді. Қалалар экономикалық өсу мен өркендеудің орталығына айналып жатыр. Әлемдік ЖІӨ-нің 70%-дан астамы қалалардың үлесінде. Мұнда жұмыс орындары құрылып жатыр әрі, табыс деңгейі ауылдық жерлермен салыстырғанда, анағұрлым жоғары.

Урбанизация деңгейі жоғары елдер экономикалық тұрғыдан да өркендеуде. Адам дамуының индексі бойынша топ-30 елдерде урбанизация деңгейі 80%-дан асады. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орта есеппен 77% құрайды.

Жалпы, 2050 жылға дейін әлемде урбанизацияның артатыны болжанып отыр.

Осыған орай, Қазақстанда жеделдетілген урбанизация бойынша кешенді шаралар қабылдау (2030 жылға қарай — 70%) және қалаларын ірілендіру қажет.  

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың қатарына кірді. Бұл еңбек күші шамадан тыс артық ауыл халқын тарту орталығы ретінде қаланың динамикалық дамуының нәтижесі.

Сонымен қатар өңірлік өсу орталығы болып табылатын облыстық және аудандық маңызы бар үлкен және орташа қалалардың дамуын қамтамасыз ету қажет. Халықтың ірі қалаларға келуін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау керек, олардың ішінде тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу, инженерлік инфрақұрылым жүргізу бар. Соңғы жылдары республикалық маңызы бар инфрақұрылым дамып жатыр.

Жалпы, өңірлер экономикасының тұрақтылығы онда инфрақұрылымның қаншалықты дамығанына және негізгі өндірісті дамытуға қаншалықты әзір болуына байланысты екенін айта кеткен жөн. Бұл орайда, өңірлік дамуда жергілікті инфрақұрылымды: энергиямен жабдықтауды, сумен жабдықтауды және су бұруды, жергілікті жолдарды дамыту басым бағыт болуы тиіс. Өндірістік инфрақұрылымның жай-күйінің нашарлығы өңірлердің дамуын тежеп отырған басты мәселелерді бірі. Көлік қашықтығы мен автомобиль жолдарының жай-күйі мәселелері де өткір болып тұр.

Жергілікті инфрақұрылымды дамыту экономикалық тиімділіктер береді:

  • еңбек өнімділігі артады,

  • жаңа жұмыс орындары құрылады,

  • инфрақұрылымдық қамтылу бойынша жергілікті жерлерде кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жақсарады,

  • жалпы, өңірлердің тұрғындарының өмір сүру сапасы артады.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу