01 Шілде 2026, 11:31
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.
Отырыс барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өнеркәсіп пен құрылыс салаларын тұрақты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен негізгі міндеттердің жүзеге асырылу барысы туралы сала министрі баяндады.
«Бүгінде өңдеу өнеркәсібі 9%-ға өсіп отыр. Аталаған өсім жаңа іске қосылған өндірістер есебінен мүмкін болып отыр. Өткен жылы 190 жоба пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Бүгінгі таңда жалпы құны 252 млрд теңге болатын 74 жоба пайдалануға беріліп, 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамыту мақсатында салалық нормативтік-құқықтық құжаттар қабылдануда. Биыл 24 маусымда Машина жасау саласын дамыту мәселелері жөніндегі заңға қол қойылып, оның аясында бірнеше маңызды шаралар енгізілді. Атап айтқанда: мемлекеттік қолдау көрсетілетін өнеркәсіптік кластерлер құрылады, бұл ірі кәсіпорындар мен еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің өндірістік кооперациясын дамытуға мүмкіндік береді; көлік құралдарының бөлшектерін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасалған кезде қазақстандық тауарларды пайдалану міндеті қарастырылады; өндірістік қуаттардың теңгерімін бағалау жүйесі енгізіледі. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын ішкі нарықтың сұранысына сай тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидатын енгізуді көздейді. Бұдан бөлек, жеке операторларды тарту және инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Оның ішінде дайын өндірістік ғимараттар салынады. Бұл жаңа өндірістерді іске қосу мерзімін қысқартып, арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттырады.
«Жалпы алғанда, қабылданған заңнамалық өзгерістер өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуына оң әсер етеді. Құрылыс саласында бес айдың қорытындысы бойынша жұмыс көлемі шамамен, 2,4 триллион теңгені құрап, 13,4%-ға өсті. Сонымен қатар 6,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 4,5%-ға жоғары. Биыл 20 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Саланы дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы болды. Жаңа Кодексті жүзеге асыру шеңберінде жүз отыз сегіз нормативтік құқықтық акт қабылданды. Осылайша, құрылыс қызметі реттеліп, жаңа жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірінші шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Кодекстің нормалары құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, рәсімдерді ашық әрі тиімді етеді, әкімшілік кедергілерді азайтады және құрылыс саласына инвестиция тартуға ықпал етеді», — деді министр.
Оның айуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда сумен жабдықтау және су бұру бағытында екі жүз жиырма үш жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда он үш жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жалпы, министрлік желісі бойынша екі мың отызыншы жылға дейін, жалпы құны бір триллион теңгеден асатын бес 5 мың шақырым су құбыры және екі мың сегіз жүз шақырым су бұру желісі жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар шамамен сегіз жүз миллиард теңгеге қырық бес кәріз тазарту құрылысын салу және қайта жаңғырту жоспарлануда.
Министрлік өнеркәсіп пен құрылыс салаларын одан әрі дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инвестициялар тарту және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыратын болады.
#Машина жасау #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы #Өңдеу өнеркәсібіҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу