14 Қазан 2025, 12:00
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.
Жиында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев, қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндама жасады. Сондай-ақ Абай, Ұлытау және Атырау облыстарының әкімдері тыңдалды.
Өз кезегінде энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы отын-энергетикалық кешеннің жағдайы туралы баяндады.
«Есепті кезеңде мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 75,7 млн тоннаны құрады немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,2% артық. Биылға барлығы 96,2 млн тонна жоспарланып отыр. Мұнай экспортына келер болсақ, 9 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш – 60,5 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 114,9%. 2025 жылғы жоспар – 70,5 млн тонна жөнелту. Газ саласы туралы тоқталсақ, есепті кезеңде 51,6 млрд. текше метр газ өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,7%. Жыл соңына дейін 62,8 млрд. текше метр газ өндіру жоспарлануда. Қаңтар-қыркүйек айларындағы тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі – 14,3 млрд текше метр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінің 100,4%-ы. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі шамамен 2,3 млн тонна болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 101,1%. Ел аумағы арқылы газ транзитінің көлемі 53 млрд. текше метр болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 102,9%», — деді ол.
Оның айтуынша, қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша 11,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,1%. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 13,7 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған. Бұл 2024 жылдың фактісіне 100,7%.
Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 477,2 мың тонна болған, өткен жылдың 9 айымен салытырғанда 115,8%. 2025 жылы 589,7 мың тонна өнім өндіру жоспарланып отыр немесе 2024 жылдың қорытындысынан 109,2%. Сондай-ақ, есепті кезеңде 89,9 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілген немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,5%. Осы жылдың жоспары – 117,9 млрд кВт/сағат. Жаңартылатын энергия көздері объектілерінен электр энергиясын өндіру 9 айда 6,5 млрд кВт/сағат немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 111,9% болған. 2025 жылғы жоспар – 7,2 млрд кВт/сағат. Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу Министрліктің тұрақты бақылауында тұр.
#Энергетика #ҚР ЭМ #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу