А. Мырзахметов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

Бүгін Елбасы тапсырмасын орындау аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов кезекті жұмыс сапарымен еліміздің астық өсіретін негізгі өңірлерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысына барды. Жұмыс сапары аясында ол егіс науқаны барысымен танысып, ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Вице-премьер отандық ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері бойынша отырыс өткізді. Оған жергілікті зауыттардың директорлары мен ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруші компаниялар өкілдері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы міндетінің бірі – ауыл шаруашылығы саласын заманауи техника және құрал-жабдықтармен қамтуды арттыру, сондай-ақ, ел аумағында ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту болып табылады.

Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, оның құрамына мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор мен ауыл шаруашылығы техникасын жасаушы кәсіпорындар өкілдері кірді.

Жұмыс тобы отырыстарының қорытындысына, машина-трактор паркінің жаңаруының артуын тежейтін себептерге және өндіріс деңгейінің төмендігіне жүргізілген талдауларға сәйкес АШМ тарапынан Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытудың Жол картасы әзірленді.

Жол картасында көрсетілген іс-шаралар қолда бар қуаттылықтарды еселеп, өндірістің жаңа түрлерін арттыруға, шығарылып жатқан өнім түрлерін ұлғайтуға және мұның нәтижесінде фермерлерді әлемдік баламаларынан кем түспейтін сапалы әрі арзан отандық техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, биылдан бастап отандық өндіріске бағытталған техника мен құрал-жабдықтарды субсидиялаудың әдістемесі өзгерді.

Айталық, бұған дейін шетелде шыққан астық жинайтын 1 комбайнға 30 млн бөлінсе, биылдан бастап бұл қаражатқа 3 астық жинаушы комбайн субсидияланады.

Мұның өзінде, шетел техникасы да әдеттегідей субсидиялана береді. Алайда, олардың бағасының тым қымбат болуына байланысты қаржыландырылуы 5-7% деңгейінде болмақ. Ал отандық техника үшін 25% көмек берілмек.

Отандық өндірушіге қайта бейімдеу арқылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ техниканы лизингке беру әдістемесі қайта қаралды. Өз кезегінде, аталған шаралар тізбегі қазірдің өзінде алынатын техника көлемін 50-70%-ға арттыруға мүмкіндік беруде. Яғни, бұл жаңарту қарқынын 1,5-2 есеге арттырмақ» - деп атап өтті вице-премьер.

Отырыс барысында Жол картасының орындалуы жайында сөз қозғалып, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, оның ішінде, Солтүстік Қазақстан облысының өндірістік қуаттылықтарын пайдалану перспективалары  талқыланды. Сондай-ақ, түрлі өңірлердегі кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылғыларын және олардың бөлшектерін жасау бойынша кооперативтерге бірігу мүмкіндіктері қаралды.

Сондай-ақ, облыс әкімдігінде 3 облыс өкілдерінің қатысуымен көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мәселелеріне арналған отырыс болып өтті.

Биыл АӨК-ті дамыту бағдарламасы аясында егіс алқаптарын əртараптандыру жұмыстары қарқынды басталды.

Бұл үшін министрліктер мен әкімдіктер арасында меморандумдарға қол қойылған. Олардың аясында майлы және жем, жармалық және мал азығы дақылдары, қант қызылшасы егістіктерін 900 мың гектарға дейін ұлғайту қарастырылған.

Кездесу барысында А. Мырзахметов әр гектардың тиімділігін арттыру үшін экспорттық әлеуетке ие жоғары түсімі жоғары дақылдар өсіру керектігін атап өтті.

Жалпы алғанда, көктемгі егін егуге дайындық барысымен таныса келе, министр тұңғыш рет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін ақырғы құнның 6%-ға төмендегеніне баса назар аударды. Бұл көрсеткіш былтыр 9%-ды құраған болатын. Өз кезегінде, бұл жағдай несие беру құрылымдары сатыларының қысқаруы арқылы мүмкін болып отыр. Сондай-ақ, несиелер бойынша талап етілетін құжаттар саны азайды.

Биыл бірегей және асыл тұқымдарды субсидиялау қайта қалпына келтірілді. Тұқым шаруашылығына бөлінетін бюджет көлемі өткен жылдың көлемінен 3 есе артық екендігін атап өткен жөн. Минималды нормалар тоқтатылды. Бұл фермерлерді субсидия алуға ынталандырады. Ал бұрынғы сұлба бойынша тұқымның аз ғана көлемі субсидияланатын.

Тыңайтқыштарды субсиядиялау тетіктері өзгерді. Бұған дейін субсидия нормасы пайыздық негізде түзілсе, ал биылдан бастап нақты сандармен көрсетіледі. Бұл да фермерлерге тыңайтқышты сапасы мен бағасына қарай қай елде өндірілгеніне қарамастан, еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде, тыңайтқыш түрлері ұлғайтылды. Биыл 156 тыңайтқыш түрі субсидияланып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 85 болған. Қазірдің өзінде 200 мың тонна тыңайтқыш алынып үлгерді.

Қазіргі таңда солтүстік аймақтың астық себуші облыстарында (Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан) ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары барынша қарқынды жүргізіліп жатыр. Биылғы 23 мамырдағы жағдай бойынша аталған облыстарда жаздық масақты дақылдар 5 млн га аумаққа егілген. Бұл көзделген көлемнің 44%-ын құрайды. Майлы дақылдар – 771 мың га (60,4%), көкөніс – 8,9 мың га (73,3%), картоп – 48,8 мың га (88,1%) егілген. Солтүстік Қазақстан облысында қант қызылшасы 400 га аумақта егілген. Бұл көзделген аумақтың 35%-ы.

Егіс жұмыстарының қарқыны өте жақсы. Астық дақылдарының егіліп үлгерген аумағы былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 124 мың га артық немесе 2,6%, майлы дақылдар 222 мың га (40,5%), картоп – 1 мың га (2%), көкөніс – 0,5 мың га (6%).

Сонымен қатар, вице-премьер проблемалы агрохолдингтер тақырыбын да айналып өтпеді. Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына АШМ өкілдері, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары, «Атамекен» ҰКП, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, «ҚазАгро» ҰБҚ» АҚ және екінші деңгейлі банк өкілдері кірді.

Әрбір проблемалы агрохолдинг бойынша Несиегерлер кеңесі құрылды, олар сол холдингке қарасты әрбір кәсіпорын бойынша алқалы түрде шаралар тізбесін қабылдайды.

Айта кетейік, сапар аясында Министр Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылық субъектілерін де аралады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу