АХҚО Еуразия өңіріндегі ірі қаржы хабына айналуы мүмкін

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Орталықты дамытудың негізгі бағыттары мен оны Еуразия өңіріндегі ірі қаржы хабының бірі ретінде қалыптастыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.  

Қайрат Келімбетов АХҚО қызметі аясында алты басымдықты бағытты дамыту жоспарланып отырғанын хабарлады. Олардың ішіндегі ең бастысы - бұл капиталдар нарықтарын дамыту.  

«Қазақстандық қаржы секторы негізінен банк институттарының және азаматтармен өзара іс-қимылдың өзге де дәстүрлі құралдарының жұмысына шоғырландырылған. Біз банк емес, қаржы қауымдастығын құру үшін жұмыс жасап жатырмыз және аталған мәселедегі капиталдар нарықтары Қазақстанның қаржы секторындағы жағдайды елеулі түрде жақсартады, сондай-ақ біздің өңірде қор нарықтарын дамыту үшін аймақтық алаңды құрады», - деді Қ. Келімбетов. 

Қ. Келімбетовтың айтуынша, екінші және үшінші басымдықтар бір-бірімен тығыз байланысты - бұл жекеменшік және мемлекеттік активтерді, қорларды басқару және жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару.   

Төртінші бағыт - исламдық қаржыландыру. 

Келімбетов биыл ислам ынтымақтастығының бірқатар ірі саммиттері Қазақстанда да өткенін атап өтті. Жалпы, АХҚО басқарушысының пікірінше, исламдық қаржыландыру бағытында, Қазақстанның Орталық Азияда да, жалпы Еуразия өңірінде де көш бастаушы ел болуға мүмкіндігі бар.   

Қ. Келімбетовтың айтуынша, бесінші үлкен бағыт - жаңа қаржы технологиялары. 

«Мемлекет басшысы жақында Қазақстан экономикасын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізгенін білесіздер. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы Үкімет жұмысындағы аса маңызды әрі басымдықты бағыттардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, Елбасы АХҚО басшылығына жаңа қаржы технологияларын дамыту бойынша жетекші сараптама орталығына айналу туралы тапсырма берді. Аталған бағытта біз барлық жетекші әлемдік ойыншылармен тығыз байланыс орнатудамыз», - деді Қ. Келімбетов. 

Алтыншы бағыт ретінде ол «жасыл қаржыландыру» құралдарын енгізу мен дамытуды атап өтті. Осыған орай, «Астана Экспо-2017» жоғары технологиялық алаңы жасыл технологиялар саласында зерттеулер жүргізу үшін жеке инфрақұрылымды, ал АХҚО - оның қаржылық құрамдас бөлігін ұсынуы тиіс.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу