06 Қазан 2026, 10:53

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру мәселелері туралы баяндады. Оның айтуынша, Стратегияны жүзеге асыру аясында Министрлік геология, өнеркәсіп және құрылыс салаларын цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Аталған бағыттар бойынша 2028 жылға дейін нақты көрсеткіштер белгіленді. Геологиялық барлауға тартылатын жеке инвестиция көлемін 30%-ға арттыру көзделуде.
Өнеркәсіпте еңбек өнімділігінің жыл сайынғы өсімін 7%-ға жеткізу, роботтандыруды дамыту, кемінде 5 отандық интегратор мен 3 құзырет орталығын құру міндеті қойылды.
Құрылыс саласында жаңа техникалық жағынан күрделі объектілерде BIM қолдануды кезең-кезеңімен 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Қазірде геология саласын цифрландырудың негізгі кезеңі аяқталды. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, ашық қолжетімді болды.
«Мемлекеттік қызметтер цифрландырылып, Бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталы арқылы берілуде. Аукциондарды цифрлық форматқа көшіру және геологиялық ақпараттың қолжетімділігі нәтижесінде аукциондардан түсетін кіріс 7 есеге өсті. Ендігі міндет – жасанды интеллектіні геологиялық деректерді талдауға және перспективалы учаскелерді анықтауға пайдалану», — деп түсіндірді спикер.
Өнеркәсіпте цифрландырудың негізгі нәтижесі – еңбек өнімділігін арттырумен байланысты. Мұндағы негізгі құралдардың бірі – digital twins технологиясы. Бүгінде байыту фабрикаларында олардың нақты нәтижесін көріп отырмыз.
Рудадағы пайдалы компоненттер мөлшерінің төмендеу проблемасын шешу үшін датчиктер мен machine vision технологияларын қолданатын digital twins енгізілуде. Мысалы, KAZ Minerals-та бұл шешім мысты алу деңгейін 2%-ға, жалпы фабрика өнімділігін 7%-ға арттырды.
2028 жылға дейін digital twins ірі кәсіпорындардың кемінде алпыс пайызына енгізу жоспарланып отыр. Бұл тәсіл автомобиль өнеркәсібінде де енгізілуде. Жасанды интеллект өндірістің барлық негізгі кезеңінде – логистикадан бастап сапаны бақылауға дейін қолданылады.
Соның нәтижесінде ақаулар саны 39%-ға азайды, ал өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайлар сегіз секунд ішінде анықталады.
Сонымен қатар бір өндірістік желіде қайта баптауға тоқтамай, бірнеше брендтің моделдерін шығаруға болады. Осылайша, өнеркәсіп жекелеген операцияларды автоматтандырудан интеллектуалды өндіріс моделіне көшіп келеді.
Келесі міндет – алған тәжірибені экспорттық өнімге айналдыру.
Қазақстандық Vexor компаниясы Тбилиси қаласында Lactalis кәсіпорнын роботтандыру жобасын жүзеге асыруда.
Компания инженерлік, конвейерлік жүйелер, бағдарламалық қамтамасыз ету, machine vision және монтаждау жұмыстарынан тұратын кешенді шешімдерді экспорттайды. Енгізілген шешімдер өндіріс көлемін 30%-ға арттыруға, жоспардан тыс тоқтап қалуды 95%-ға қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
«Ендігі міндет – осындай шешімдерді кеңінен енгізіп, отандық инженерлік қызметтерді экспорттау. Мұндай жобаларды ауқымды түрде жүзеге асыру үшін елімізде қажетті құзыреттер мен инфрақұрылым қалыптасып отыр. Мысалы, өнеркәсіптік роботтарды сынақтан өткізуге арналған базасы бар Farabi Robotics орталығы құрылып, автомобиль өнеркәсібімен практикалық жұмыстар жүргізілуде. Astana Hub базасында зерттеу және мамандарды даярлауға арналған робототехника алаңы жұмыс істейді», — деп мәлімдеді министр.
Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіптік сынақтан өткізу, оқыту және инжиниринг бағыттарын біріктіретін IFTC технологиялық полигонын құру келесі маңызды кезең екенін айтты.
Оның айтуынша, 2028 жылға дейін кемінде үш құзырет орталығын және бес отандық интеграторды қалыптастыру жоспарланып отыр. Құрылыс саласында да жоспарлау, сараптама, құрылыс және пайдалануды қамтитын бірыңғай цифрлық контур қалыптасты.
Биыл 1 тамыздан бастап мектептер, әуежайлар, тоннельдер, көпірлер сияқты бірқатар техникалық жағынан күрделі объектілерде BIM қолдану міндеті енгізілді.
2028 жылға дейін техникалық жағынан күрделі нысандардың 100%-ында BIM қолдану жоспарлануда.
Бүгінде жасанды интеллект жобалық құжаттаманың толықтығын тексеру үшін қолданылады. Қазірдің өзінде осындай тексеруден 864 жоба өтті. Мұндай тексеруге орта есеппен 6 минут қажет. Жалпы құжаттардың толықтығын тексеру мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқарды.
Тексеру ұлттық суперкомпьютердің есептеу қуаты арқылы жүргізіледі. Жыл соңына дейін тағы 3 жасанды интеллект модулі әзірленеді. Олар құжаттарды, сызбаларды, инженерлік желілер мен сметаларды автоматты тексеруге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың барлық негізгі процестеріне жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр.
#Геология #Цифрландыру #Құрылыс #Үкімет отырысы«Министрлік жетекшілік ететін бағыттар бойынша цифрлық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі мен инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады», — деп түйіндеді сөзін Ерсайын Нағаспаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу