Астана әкімдігі мен «Даму» қоры ШОБ қаржылай қолдауға 1,5 млрд теңге бағыттайды

Қалалық әкімдік пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 1,5 млрд теңгеге ШОБ несиелеу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Астана әкімдігінде. 

«Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында биыл шағын және орта бизнес субъектілеріне несие беру үшін қала бюджетінен 500 миллион теңге, ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 1 миллиард теңге бөлініп отыр», - делінген хабарламада. 

«Бүгін қалалық әкімдікте Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жеке кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды», - деп мәлімдеді әкімдікте. 

Аталған келісім бизнес ортаны жақсартуға және елордадағы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған шаралардың бірі болып табылады.

Ведомствоның мәліметінще, Астана әкімдігі мен «Даму» қоры арасындағы келісім қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін басым салалар тізіміне енбеген бағыттар бойынша шағын және орта бизнесті несиелеуге бағытталған. Атап айтқанда, қазіргі заманғы сауданы дамыту және франшиза тартуға көмектесу. Несие бойынша номиналдық сыйақы мөлшерлемесі бір кәсіпкер үшін 7,6% болады. Несиенің ең көп мөлшері бір кәсіпкер үшін 200 млн теңгеге дейін. 

Сауда саласында кәсіпкерлерді қолдау қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді, франшиза арқылы жаңа брендтер тартады. Бүгінгі таңда ШОБ қолдау бағдарламасының ешбіріне сауда саласы кірмейтінін ескерсек, қаржыландырудың жаңа бағдарламасы елордалық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу